Сенімді серіктестік

20.11.2018

Көрулер: 3069

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ҚХР аэроғарыштық ақпарат ғылыми-зерттеу институтының (AIR) сенімді серіктесі болуға дайын. Бұл туралы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов пен ҚХР AIR вице-президенті, профессор Лью Джианбомен болған ресми кездесуде мәлім болды.

Кездесу барысында  «Жаңа Жібек жолы» мен «Бір белдеу – бір жол» екі маңызды жобалардың жұмысы туралы талқыланды. Бүгінгі күні ҚазҰУ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назабаевытың "Silicon Valley" моделі бойынша бойынша IT-технопарк құру жөніндегі бастамасын жүзеге асыруда. Аталмыш жоба әлемнің 130-дан астам жоғары оқу орындарын біріктіретін жаңа Жібек жолы университеттері альянсымен бірлесіп іске асырылуда екені ерекше аталып өтті.

Сонымен қатар кездесуде "Ғарыштық техника және технология" бағыты бойынша жобаларды жүзеге асыру мен мамандар даярлауға үлкен көңіл бөлінетінін атап өтті. Бұл жобалардың басты мақсаты кіші ғарыш аппараттары бойынша ғылыми мектеп құру. Осы орайда айта кетейік өткен жылы Үндістанның Шрихарикота ғарыш айлағынан ҚазҰУ-да жасалып шығарылған "Al-Farabi-1" атты алғашқы қазақстандық наноспутник сәтті ұшырылды. Сондай-ақ ҚазҰУ-дың жас ғалымдары көптеген ғарыштық эксперименттер бағдарламасына қатысуда.

Өз кезегінде ҚХР аэроғарыштық ақпарат ғылыми-зерттеу институтының вице-президенті Лью Джианбо ҚазҰУ-дың ерекше ықыласына алғысын білдіре отырып, қос елдің арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты екі елдің қарым-қатынасын жандандырып дамыту мақсатында тиімді серіктестік орнатып, қажетті бағдарламалар мен технологияларды ұсынуға дайын екенін айтты. Және де ҚХР үкіметі тарапынан ҚазҰУ-ға шәкіртақы негізінде бөлінген суперкомпьютер жаңа Жібек жолы альянсының барлық университеттерінің ғылыми қызметіне айтарлықтай үлес қосатынына ерекше сенім білдірді. Сонымен қатар Лью Джианбо әріптестік аясында ҚазҰУ студенттері мен оқытушылары өздерінің институттарында тағылымдамадан өтіп қана қоймай, оқуға грант ала алатынын атап өтті.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

 

 

Баспасөз қызметі

www.kaznu.kz