Жаңа мүмкіндіктер көкжиегі

28.06.2017

Көрулер: 5284

Жаңа мүмкіндіктер көкжиегі 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің, Халықаралық бағдарламалар орталығы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұйымдастыруымен «International Education Fair 2017» атты екі күндік халықаралық білім беру көрмесі өтті. Оған АҚШ, Еуропа, ТМД елдерінің  шетелдік 100 жоғары оқу орны мен Қазақстан және Орталық Азияның 50-ден астам жоғары оқу орындары мен білім беру агенттіктері атсалысты.   

Аталған көрме ғылым және білім беру үдерістері саласында мемлекетаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беріп, студенттер арасында академиялық ұтқырлықты арттыратын халықаралық деңгейдегі маңызды диалогтық алаңға айналды. Германияның Академиялық алмасулар қызметі ақпараттық орталығының (DAAD) бағдарламалар жөніндегі менеджері Филипп Семеновтың айтуынша, қазіргі уақытта жоғары оқу орнының барлық талаптарына сәйкес келсе, қазақстандық әрбір студент Германияның кез-келген 380 жоғары оқу орнына түсуіне және тегін білім алуына мүмкіндігі бар. Себебі, үкімет тарапынан шетелдік студенттерге арнайы гранттар мен шәкіртақылық бағдарламалар бөлінеді. Франция, Австрия, Чехияның мемлекеттік жоғары оқу орындарында және Еуропада тегін оқуларына болады. Сонымен қатар, үкіметаралық келісім аясында Венгрия, Қытай, Латвия, Польша, Словакия, Беларусь, Украина үкіметінің гранты бойынша қазақстандық студенттерге бакалавриат, магистратура және докторантурада білім алуына мүмкіндік туып отыр.

Осы жылы халықаралық көрме жұмысының аясында  қазақстандық 12 жоғары оқу орны академиялық ұтқырлық және қосдипломдық бағдарлама бойынша шетелдік университеттермен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қосдипломдық білім беру заманауи трендттердің бірі болып табылады, осы орайда көрмеге қатысқан шетелдік жоғары оқу орындарының  басым бөлігі бағдарламаны ұсынды.                 

 Атап өту керек, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сұраныстағы білім беру бағдарламаларын жүзеге асыра отырып, қос дипломдық білім беру бойынша әлемнің көптеген беделді университеттерімен табысты ынтымақтастық қарым-қатынас орнатып келеді. Олардың ішінде Колумбия университеті, Сарбонна Париж Дидро университеті, Univeraiti Tun Abdul Razak (Малайзия), М. Ломоносов атындағы ММУ, МХҚМИ, Осаки университеті, Лотарингия ұлттық политехникалық институты (INPL) Ханьянг университеті (Оңтүстік Корея), Нанси университеті (Франция) және т.б. оқу орындары бар.

Қазақстандық талапкерлер мен студенттер білім беру келешегіне жол ашып, бәсекеге қабілеттіліктерін арттыруға мүмкіндік берген көрме ұйымдастырушыларына ризашылықтарын білдіріп, көрмеге үлкен қызығушылық танытты. Деректер бойынша екі күн ішінде көрмеге 6 мыңнан астам адам қатысқан.