Alternate Text

ТҰРАҚТЫ ДАМУ МАҚСАТЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖУРНАЛИСТИКАНЫ ОҚЫТУ МОДЕЛДЕРІ

07.04.2021

Көрулер: 2112

7 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде «Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту моделдері” (МТIJ) атты дәстүрлі V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Журналистика және коммуникация жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасы Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының қолдауымен халықаралық журналистиканың өзекті мәселелерін талқылауға арналған бұл жиын 5-рет өтіп отыр.

Аталмыш конференция бүгінде академиялық ортаның, практик мамандардың, халықаралық ұйым өкілдерінің басын қосатын, маңызды тақырыптарда пікірталастырып, тәжірибе алмасатын алаңына айналды. Конференцияға АҚШ, Ресей, Қырғызстан, Украина елдерінен танымал ғалымдар қатысып, тұрақты даму мақсатындағы журналистік білім беру, онлайн оқыту жүйесіндегі түйткілді мәселелер мен COVID-19 пандемиясы кезіндегі қашықтан оқытудың өзекті мәселелерін талқылады. Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстандағы өкілі  – Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Огайо университетінің профессоры Джатин Сривастава, Адам Мицкевич университетінің профессоры Радослав Фидлер, Кастамону университетінің профессоры Хаджи Ахмет Шимшек, Акдениз университетінің профессоры Суат Колукирик (Түркия), М.В. Ломоносов атындағы ММУ журналистика факультетінің доценті Малыгина Лидия, мәдениеттану саласындағы философия докторы, Халықаралық кадрлар академиясының философия профессоры Надежда Лебедева (Украина), Колумбия университетінің жанындағы Жер институты, MDP профессоры Рафис Абазов (Нью-Иорк, АҚШ) т.б. өз баяндамаларында білім берудегі цифрландырудың жаңа форматына, COVID-19 пандемиясы кезіндегі медиа алгоритмдерге талдау жасап, кәсіби құзіретті журналист мамандарын даярлаудағы мүмкіндіктерге тоқталды. Сонымен қатар, шетелдік ғалымдар қашықтан білім берудегі өз оқу орындарының тәжірибесімен бөлісті. Конференция жұмысы халықаралық ұйым өкілдерінің шеберлік сыныптарымен жалғасты.