Білім жолындағы ізденіспен бөлісу

Физикалық-химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен “Мұнай-газ ісі” білім бағдарламасы бойынша білім алып жатқан 1-курс магистранттарымен “Білім жолындағы ізденіспен бөлісу” атты тақырыбында іс-шара болып өтті.

Бұл іс-шараның қонағы, Еліміздің белгілі ғылыми-техникалық университетінде білім алып, өндіріс орындарында іс-тәжірибеден өткен, алған білімі мен тәжірибесін оқытушылық қызметке арнаған, білікті маман, геология және мұнай-газ ісі саласында ғылыми зерттеулермен айналысып жүрген, қазіргі кезде Венгрия мемлекетінің Мишкольц университетінің PhD докторанты Медет Джунусов болатын.

Ол магистранттармен кездесу барысында өзінің білім-ғылым жолындағы ізденістерімен ой бөлісіп, жазып жатқан ғылыми диссертациясының мазмұнымен таныстырды. Оның ғылыми жұмысының бағыты, тек Мажарстан елі үшін ғана емес, басқа елдерде де үлкен қызығушылық тудыруда.

Кездесу барысында Медет әріптесіміз қазіргі кездегі Мажарстан елінің білім беру жүйесіндегі қол жеткен жетістіктерін, шет елдік студенттердің оқуға қабылдану талаптарын магистрантарымызға түсіндіріп берді.

Талапты жастарымызға білім алу жолында талмай еңбек етіп, ұдайы ізденісте болып, алға қойған қандай да мақсаттары болмасын бас тартпай, сол істе жігерлілік танытуға шақырды. Кездесу барынша қызықты өтті.

Басылым күні :  20.04.2021