Қос дипломды білім бағдарламасының жемісі

Еліміздің көшбасшы университеті әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті де қос дипломды бағдарлама бойынша алыс және жақын шет елдік оқу орындарымен бірлесіп жұмыстар жүргізіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.

Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде 2017-2019 оқу жылында «Geo-energies» Қазақстан-Франция оқу орталығында базалық курстар (механика, математика, геология, француз тілі) жемісті жұмыстар жүргізілді. «Абай – Верн» стипендиялық бағдарламасы бойынша 2018 – 2019 (ІІ – жартыжылдық) оқу жылында қос дипломдық білім бағдарламасымен «Химия және химиялық технология» факультетінің «Мұнай химия» мамандығының магистранты Қайрошев Данабек Серікұлы Францияның Лотарингия университетінің «Reservoir Engineering» мамандығы бойынша білім алды. Institut Élie Сartan de Lorraine (IECL) оқу орнында магистрлік диссертация негізінде тағылымдамадан өтті.

Қайрошев Данабек қос дипломды бағдарлама бойынша оқуын сәтті аяқтап, екі дипломға ие болды. Қазіргі таңда екі дипломына толық сәйкес келетін еліміздегі «Қазақстан Петрокемикал Индастриз Инк.» ЖШС-де технолог болып қызмет атқарады.

2021 жылдың 2 – сәуірінде «Мұнай газ ісі» мамандығының магистранттары және студенттері университет түлегі Қайрошев Данабекпен онлайн форматта «Қос дипломды бағдарлама: бір диплом – жақсы, ал екі диплом - одан да керемет» тақырыбында сұхбат кездесу өткізді. Кездесу барысында Қайрошев Данабек магистранттарға Франциядағы оқу барысы, қойылатын талаптар, қажырлы еңбектің қажеттілігін айтып өтті. Магистранттар тарапынан оқуға қатысты көкейлеріндегі қызықтыратын сұрақтар өте көп қойылды. Сонымен қатар Франция елінің оқыту әдістемесі, мәдениеті, шәкіртақы, грантпен оқуға түсу бойынша ақпараттармен пікір алмасты.

Кездесу соңында «Физикалық химия, катализ және мұнай химия» кафедрасының меңгерушісі, х.ғ.д., профессор Аубакиров Ермек Айтқазыұлы Қайрошев Данабекке магистранттармен кездесуге келіп, өз ойын ортаға салып, екі дипломдық білім бағдарламасының жұмысқа орналасуда және бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуға үлкен мүмкіндіктер беретіндігімен ой бөліскені үшін алғысын білдірді.

Жалпы отандық білім беру саласында осындай игіліктер молынан жасалатын болса жастар үшін зор мүмкіндік екені сөзсіз.

Басылым күні :  05.04.2021