Күш білімде, жеңіс бірлікте!

Заң ғылымдарының кандидаты Сытник А.М.: халықаралық жеке құқық- құқықтанудың жоғарғы математикасы, - деген сөздерімен көптеген заңгерлер келіседі. Өйткені, халықаралық жеке құқықта қатынастар шетел элементімен күрделенгендіктен, бұл қатынастарды реттеу қиын. Сонымен қатар, Кеңес Үкіметі кезінде бұл құқық саласына жеткілікті көңіл бөлінген жоқ. Дәл осы себепті, посткеңестік мемлекеттер аумағында бұл сала мамандарының жетіспеушілігі байқалады. Бұл жетіспеушілік Қазақстанның жетекші ЖОО-дан білім алған мамандармен толықтырылуда. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті сондай оқу орындарының бірі ретінде,  халықаралық құқық саласында болашақ мамандарды дайындаумен айналысады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті беделі және көпжылдық тарихы даусыз, себебі бұл оқу орны осы саланың білікті мамандарын дайындаумен айналысады. Алайда, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті тек қана сапалы білім берумен шектелмейді, сонымен қатар студенттерді алған білімдерін тәжірибеде қолдануды және жүйелі түрде дамытуды мақсат қояды. Дәл осы себептен университет басшылығы әртүрлі жарыс, дебат, сайыстарды өткізуді қолдайды. 


   Халықаралық құқық факультетінде Халықаралық жеке құқықтан университет аралық жарыс ұйымдастыру университет басшылығымен мақұлданды. Өйткені бұл отандық оқу орындары арасында достық қарым-қатынастарды нығайту, даму және тәжірибе алмасудың керемет мүмкіндігі. Бұл бірнеше айналымнан тұратын жарыста қаысушылар келесідей қасиеттерді: көшбасшылық, біліктілік, жылдамдық, пікірін нақты және тиянақты жеткізе білу және есеп шығаруды көрсете білді. Қатысушыларды бағалауға тәжірибемен айналысушы жоғары білікті мамандар шақырылды. Төрешілер ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетімен байланысы жоқ тұлғалар шақырылып, бағалау объективтілігі, әділдігі, бейтараптылығы және риясыздығы қамтамасыз етілді. Жарысқа Kimep University, КазГЗУ Университеті, Narxoz University, Абылай хан ат. ҚХКжӘТУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қатысуы, іс-шара ауқымдылығының дәлелі. Қатысушылар жарыс барысында есептерді шешіп, төрешілердің сұрақтарына жауап бере отырып, төрешілерге қатысушылардың білімділігін ғана емес, сонымен қатар алған білімдерін тәжірибеде қолдана білуін бағалауға көмектесті. Іс-шараның соңғы бөлімінде қатысушыларға сертификаттар, ал жеңімпаздарға кубок табысталды. Соңында төрешілер бұл іс-шараның ерекшелігін атап, өздерінің болашақта отандық тәжірибеден алынған кейстерді ұсыну мүмкіндігін білдірді.

   Бұл жарысты қорыта келе, ұйымдастырушылар мен қатысушылардың жоғарғы деңгейдегі дайындығын ескере кету жөн. Болашақта осы жоба аясы кеңейіп, жарысқа тек қана отандық оқу орындары ғана емес, шетелдік жоғарғы оқу орындары қатысатынына деген үмітімізді білдіреміз. Ал әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті бұл ойды қолдап, оны жүзеге асыруға көмектесетініне кәміл сенімдіміз!

Басылым күні :  26.12.2016