Асыл Мирас реабилитациялық орталыққа сапар

Қазіргі кезде, "біреуге көмек көрсету" материалдық, ақша немесе таныс арқылы көмектесумен байланыстырылады. Алайда, жақынға көмек көрсетудің мәні осында ғана емес. Әрбір адамның өмірінде, басқа адамның сол адамды  тыңдап, бір істі жасауға көмектескен, қиын уақытта бірге болған кездері болды. Бұл ақшамен істі тындыра салғаннан гөрі, әлдеқайда маңыздырақ. Көмек-бұл адамдар арасындағы қасиетті байланыс, ол жақсы іс, жақсы сөз арқылы іске асырылады. Сөзбен немесе жай ғана кішігірім көмекпен әрбіріміз көшедегі адамға, транспортта, одан басқа кез-келген жерде көмек көрсете аламыз. Сіздің жылы сөздеріңіз адамға көмектесіп қана қоймай, оның өмірін өзгертіп, оны нұрмен толтыра алады.  Оқытушы, әрі студенттермен тікелей қарым-қатынасқа түсуші ретінде, өзімнің тек жүргізетін сабағымды оларға үйретіп қана қоймай, сондай-ақ студенттер бойына адамгершілікті, шыдадылықты, жақындары мен әлсіз, көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын бере білуді ұялату-парызым деп санаймын.

Сол себепті де, халықаралық қатынастар факультеті халықаралық құқық кафедрасының МП51К және Мп53К топтары мен халықаралық құқық кафедрасының доцент м.а. Жайлау Жанатпен бірге "Асыл Мирас" атты аутизмге шалдыққан балаларға арналған реабилитациялық центрге барып қайттық.

Көбіміз білетіндей, аутизм- бала дамуындағы ауытқушылықтың ауыр түрі, ол әлеуметтік ортамен қарым-қатынастың жоқтығын білдіреді. Симптом ретінде аутизм көптеген психикалық ауруларда кездеседі, бірақ кейбір жағдайларда ерте жастан байқалып, бала дамуына кері әсерін тигізеді. Бұл жағдайды ерте балалық аутизм (БЕА) синдромы дейді.Ол болса психикалық даму зақымдалуының бір нұсқасы ретінде қарастырылады. Сонымен қатар бала бойында аутизмнің кейбір клиникалық көріністері байқалса оны аутистикалық тұлғалық қасиеттер деп атайды. 

Бұл орталық Булат Утемуратовпен аутизмге шалдықққан балалар мен олардың ата-аналарын қолдау мақсатында құрылған. Орталықтың басты мақсаты- осындай балаларға және олардың отбасына дертін жеңіп, әлеуметтік кедергілерден өтуге көмектесу.  Осы бағдарлама нәтижесінде, қоғамның аутизмге  төзімділікпен қарауын сұрау, аутизм мәселесіне назар аударып, ерте кезеңдегі диагностика жасау мен ерте кезеңде анықтау, АСБ бар балалар мен олардың ата-аналарына уақытылы ақпараттық, психологиялық, консультативті көмек көрсету.

Бұл орталыққа сапар 2016 жылдың 06 мамыр күні болды. Бұл шуақты да, жылы күні студенттер алғаш рет бұл центрге келді. Кіре салысымен, бізді мейірімді жүздерімен тек центр мамандары ғана емес, балалар да қарсы алды. Ол баларларды, жай балалардан айыру мүмкін емес еді. Олар ашық жүзді, жарқыраған көзді, кішкене ғана балапандар еді. Центрдің өзі өте жарқын, биік, түрлі-түсті боялған. Студенттер балаларға арналған әр бөлмені аралап үлгерді. Студенттердің көзінде ол балаларға деген ерекше жылылық байқалды. Кетіп бара жатып, студенттер балаларға қайтып оралатыны туралы уәде берді. Орталықтан шыққан бетте Асыл Мирас алдында фото сурет түсірілді. 

Студенттер балаша қуанды. Себебі, әрқайсысымыз өмірде бір рет болсын  біреу үшін шынайы және жақсы ниетпен көмектескеннен кейін пайда болатын қуаныш сезімі таныс.. Өз кезегінде, Мен оларға басқа біреуге көмектесе отырып біз рухани менімізді табатынымызды, өз жанымызды тыңдауға үйренетінімізді, басқа біреулердің бақытында қуанышқа бөленетінімізді, және ең бастысы- адамдарға көмек көрсеткенде біз ішкі потенциалымызды босатып, дарынымызды ашатынымызды үйреттім деген сенімдемін.


Басылым күні :  17.05.2016