«Еуразиялық экономикалық одақтың даму үрдістері» тақырыбында дөңгелек үстел

2017 жылдың 5 сәуір күні IV Фараби оқулары шеңберінде Еуразиялық зерттеулер орталығында «Еуразиялық экономикалық одақтың даму үрдістері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар бұқаралық ақпарат құралдарында және сараптамалық талқылаулар барысында кездесетін Еуразиялық экономикалық одақ жайындағы кейбір қарама-қайшы пікірлерге жауап беруге тырысты. Кездесу барысында Еуразиялық одақтың 2 жыл көлеміндегі атқарған қызметтері мен оған мүше мемлекеттердің  өсу қарқынының нәтижелері талқыланды. Сонымен қатар, ерекше назарда Еуразиялық экономикалық одақтың ірі экономикалары, яғни  Ресей мен Қазақстан арасындағы энергетикалық ынтымақтастық болды. Бұдан бөлек, соңғы кездері белең алып жүрген өзекті мәселелер, атап айтқанда, экономикалық дағдарыс салдарынан мемлекеттер арасындағы сауда үлесінің төмендеуі, шикізат бағасының құлдырауы; энергетика және өндіруші секторларының, соның ішінде экономиканың бәсекеге қабілетті салаларында, инновациялық даму мәселелерін шешу үшін ғылыми-техникалық және еңбек әлеуетінің жеткіліксіздігі; геосаяси мәселері, сонымен қатар одаққа мүше елдердің экономикалық жағдайларының төмендеуі  туралы да сыни пікірлер талқыланды. Осыған орай, интеграциялық бірлестіктің негізі әділет және қауіпсіздік болуы тиіс деген ортақ тұжырым қабылданды.

Пікірталас барысында қатысушы студенттер мен магистранттар тарапынан көптеген қызықты ұсыныстар жасалып, Еуразиялық одақ шеңберінде мәдени және қоғамдық ынтымақтастықты дамыту, жалпы идеяны көпшілікке түсінікті түрде жеткізу және табысты жұмыс атқарып жатырған БҰҰ моделі конференциясына ұқсас Еуразиялық одақ моделін жасау туралы ой-пікірлер ұсынылды. Қазіргі таңда Еуразиялық Одақтың қысқа мерзімді тәжірибесі ескеріліп, алдағы кезеңдерде Одақтың жұмысының белсенді және жемісті болатынына сенім білдірді.

Басылым күні :  06.04.2017