1934-1940 жылдар аралығындағы университет тарихы

Қазақ мемлекеттік университетінің ашылуы өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қиыншылықтармен тұспа-тұс келді. Индустрияландыру жылдары өнеркәсіп қауырт қарқынмен дамыды. Күшті қарқынмен өркендеген өнеркәсіп пен ауылшаруашылығына мамандар қажет болды.

1928 жылы Қазақстанда тұңғыш жоғары оқу орны ашылған болатын. Университет әлемдік стандартқа сәйкес білім беруі тиіс еді. Ол жылдары Қазақстан терең білімді оқытушыларға зәру болатын. Сол үшін жоғары оқу орны құрыла салып, педагогикалық институтқа айналды.  

Бес жыл өткен соң, 1933 жылдың 20 қазанында ССР Одағының Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қазақстан үшін мамандар даярлау және Қазақ мемлекеттік университетін ашу туралы» № 2293 Қаулысы қабылданды. Педагогикалық институт негізінде Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік университеті ҚазМУ ашылған болатын. 1934 жылдың 15 қаңтарында университет ресми ашылды. Нәтижесінде 1934 жылдың 15 қаңтарында оқытушы-профессорлар құрамы туралы және алғашқы 54 студентті физика-математикалық және биологиялық факультеттеріне қабылдауға бұйрық қабылданды. Университет отандық ғылымды, техниканы, мәдениет пен жоғары білімді дамытуға елеулі үлес қоса отырып, үлкен де күрделі жолдан өтті.

30 жылдардың соңына қарай тағы үш факультет ашылды (химия, шет тілдер және филологиялық). Қазақ жастарына арналған дайындық бөлімдері ашылып, мамандықтар аумағы кеңейді. 1938 жылы аспирантураның ашылуы мен кандидаттық дәреже және доцент атақтарын тағайындайтын Ғылыми кеңестің құрылуы ҚазМУ-дың даму бағдарындағы маңызды оқиға болды. Бұл жаңалық Отандық ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға септігін тигізді. Осы күрделі кезеңдерде басшылықта болған тұңғыш директор Федор Трофимович Оликов өзін жоғары мектептің талантты ұйымдастырушы ретінде танытты.