ҚазҰУ-да ХІІ жазғы универсиада жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті

27.06.2023

Көрулер: 4526

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ХІІ жазғы универсиада жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Ақтау қаласында өткен универсиадада еліміздің барлық жоғары оқу орындарынан 3000-нан астам студент спорттың 20 түрінен сынға түскен болатын. ҚазҰУ спортшылары ХІІ жазғы универсиада ойындарының нәтижесі бойынша командалық есепте 88 медаль жеңіп алып, бас жүлдеге ие болды.

Салтанатты шарада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев спортшыларды жеңісімен құттықтап, университет абыройын арттырғаны үшін алғысын білдірді.

«Осы байрақты бәсекеде ҚазҰУ спортшылары жеңіс тұғырынан көрініп, 88 медаль жеңіп алды. ​Атап айтқанда: спортшыларымыз 36 алтын, 27 күміс және 22 қола медальді еншіледі. ​Сіздерді өз атымнан және өздеріңіз білім алып жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы атынан жарқын жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттік спортта үнемі үлкен жетістіктерге жетіп келеді.​ Сіздер университет мерейін өсіріп, абыройын көтердіңіздер. ​Бұл сіздердің және жаттықтырушы ұстаздарыңыздың еңбегі. Осы орайда, ХІІ жазғы универсиада ойындарына қатысқан барлық спортшылар мен жаттықтырушыларға арнайы сыйақы беріледі», – деді ректор.

Сөз соңында университет басшысы Жансейіт Түймебаев спортшылар мен жаттықтырушыларды ХІІ жазғы универсиадада үздік өнер көрсеткені үшін Алғыс хатпен марапаттады.

Өз кезегінде спортшы жастар университет басшылығы мен тәлімгерлерге қолдау мен зор сенім үшін ризашылықтарын жеткізіп, ҚазҰУ-ға кубоктарын табыстады.

Салтанатты шарадан соң барлық қатысушылар естелік фотосуретке түсіп, арнайы дайындалған тәтті торттан дәм татты.

Айта кетейік, ХІІ жазғы универсиада ойындарына ҚазҰУ-дан 150-ге жуық спортшы қатысқан болатын. ХІІ жазғы универсиада ойындарында бірінші орын алған спортшылар 28 шілде мен 8 тамыз аралығында Қытайдың Чэнду қаласына өтетін дүниежүзілік универсиадаға жолдама алды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі