Билкент университеті жанындағы Киберпарк ҚазҰУ-мен ынтымақтасуға ниетті

26.04.2023

Көрулер: 2337

Билкент университеті жанындағы Киберпарк бас директоры Фарук Иналтекин Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға келді. Кездесу барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев пен Фарук Иналтекин ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.

ҚазҰУ басшысы университетте ғылыми кадрлардың әлеуеті зор екенін және шетелдік ғылыми институттармен және зертханалармен байланысты күшейтуге ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Университеттің оқу процесіне ғылыми бағыттар бойынша көптеген білім беру бағдарламалары енгізілді. Ғалымдар жыл сайын 300 ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асырады және олардың басым бөлігі коммерцияландыруға дайын.

Өз кезегінде Фарук Иналтекин Билкент университеті жанындағы Киберпарк Түркиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан технопарктердің бірі екенін атап өтті. Бүгінгі таңда Киберпаркте түрлі бағыттағы 240 жетекші ғылыми-зерттеу фирмасы, бес зерттеу орталығы және бір микроночип зауыты бар.

115 000 шаршы метр жабық аумағы бар Киберпаркте 4500-ден астам адам жұмыс істейді. Киберпарк технологияға негізделген кәсіпкерлік экожүйесінде маңызды орын алады. Фарук Иналтекиннің айтуынша, Киберпарк халықаралық деңгейде танылған және көптеген халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатқан.

«Біз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен тығыз әріптестік байланыс орнатып, жаңа технологиялар мен жобаларды бірлесіп әзірлеуге ниеттіміз. Университеттермен және мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыс құра отырып, біз отандық және шетелдік компанияларды біріктіреміз», – деді Фарук Иналтекин өз сөзінде. Кездесу соңында Фарук Иналтекин ҚазҰУ мен Билкент университеті жанындағы Киберпарк арасында өзара тиімді серіктестік орнатуды ұсынды.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі