ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БАС КОНСУЛЫ МОХСЕН ФАҒАНИ МЫРЗА Шығыстану факультетінде ҚОНАҚТА БОЛДЫ

19.11.2022

Көрулер: 2146

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінде Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулы Мохсен Фағани және Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы мәдени өкілдіктің басшысы Мәжит Әлигәр мырзалармен кездесу болды.

Бас консул мырза факультет деканы Н.Б. Еммен болған кездесуде Қазақстанда парсы тілін оқыту мен таратуға байланысты туындап отырған кейбір қиындықтар туралы әңгімеледі, ирантану бөліміне түлектерді оқуға тарту үшін Қазақстанның Білім беру бағдарламаларында парсы тілі бойынша арнайы грант бөлу мәселесін көтеру жөнінде ұсыныс жасады. Сондай-ақ ирандық қонақтар ирантану бөлімі түлектерін жұмыспен қамтамасыз етуге Қазақстандағы Иран Ислам Республикасы елшілігі қолдау көрсетуге әрқашан дайын екенін, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан 5 ирандық компания бөлімі түлектерін жұмысқа алуға әзірліктерін білдіріп отырғанын және Иран мен Қазақстан арасындағы байланыстар соңғы кездері ерекше қарқын алып, соңғы 6 айда Қазақстанға Ираннан 50-дей компания, 5 ресми делегация келгенін айтты. Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы мәдени өкілдіктің басшысы Мәжит Әлигәр мырза Иранда жұмыс істегісі келетін Қазақстандық компания өкілдері арасында парсы тілін үйренуге қызығушылық білдіріп жатқандар көбейіп жатқанын, мәдени өкілдік шығыстану факультетінде парсы тілін курстарын ұйымдастыруға және ирандық каллиграф маманды шақырып, шығыстану факультетінде каллиграфия бойынша шеберлік сабақтарын өткізу мүмкіндіктерін қарастырып отырғанын мәлімдеді. Өз кезегінде факультет деканы мұндай ынтымақтастықты дамытуға әрқашан қолдауға дайын екенін айтып, сондай-ақ факультет мүмкіншіліктерін екі ел арасындағы туристік хабты дамытуға пайдалануға ұсыныс жасады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі