ҚазҰУ-да докторанттарға арналған бағдар беру апталығы өтті

16.09.2022

Көрулер: 3102

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде докторанттарға арналған бағдар беру апталығы (PhD Orientation Week) өтті.

Бағдар беру апталығы докторанттарды даярлау үдерісін ұйымдастыру, зерттеулер жүргізу және халықаралық журналдарда ғылыми мақалала жариялау бойынша вебинарларды қамтыды.

Ғылыми кадрларды даярлау және аттестаттау басқармасының басшысы Рената Құдайбергенова университеттегі докторанттарды даярлау барысымен таныстырып, жан-жақты мағлұмат берді.

Жетекші жас ғалымдар, PhD докторы, профессор Қуантай Бошқаев пен PhD докторы, қауымдастырылған профессор Ақнұр Жидебекқызы диссертацияны даярлау және ғылыми жұмысты тиімді жоспарлау тәжірибесімен бөлісті.

ҚазҰУ-дың Жергілікті этикалық комитетінің директоры, биоэтика бойынша ЮНЕСКО-ның аймақтық тренері, қауымдастырылған профессор Гайнель Усатаева «Ғылыми зерттеулер этикасы» тақырыбында вебинар өткізді. Онда академиялық адалдық мәселелері қозғалып, университеттегі ғылыми зерттеулерге этикалық сараптама жүргізу үдерісі кеңінен түсіндірілді.

Арнайы шақырылған спикер, Орталық Азия және Әзірбайжан бойынша Elsevier тренері Айжан Сәлімжанова Scopus деректер базасымен жұмыс істеу барысы, шетелдік кеңесшілерді, коллабораторларды іздеу, сондай-ақ жарияланымдарды дайындау кезінде қолда бар құралдарды қалай тиімді пайдалану керек екені туралы айтып берді.

Бес күнге созылған шара толықтай пайдалы әрі мазмұнды болып, жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар да, спикерлер де үлкен қызығушылықпен атсалысып, апталықтың жаңа ақпараттарға толы болғанын атап өтті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі