Ыстамбұлда ҚазҰУ филиалы ашылды

11.05.2022

Көрулер: 5106

      Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға алғашқы ресми сапары аясында Президент Тайып Ердоғанмен кездесті. Мемлекет басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше көңіл бөліп, қазақ-түрік стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Кездесуде түрлі салаларда, соның ішінде ғылым мен білім саласында бірқатар маңызды үкіметаралық келісімдерге қол қойылды.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік кітапханада болып, түрік кәсіпкерлерімен кездесіп, баспасөз мәслихатын өткізді. Қазақстан Президентінің ресми сапарына сәйкес, бүгін Ыстамбұл қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды. Жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіне ҚазҰУ көшбасшы университеттердің бірі ретінде танымалдығын арттырып, шетелдіктермен әріптестік аясын кеңейтуде.

    Университет филиалы жоғары кәсіптік білім беру бағдарламасын іске асырып, ғылым мен білімнің халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіне интеграциялануына ықпал етеді. Сонымен қатар ғылым мен білімнің дамуына ғылыми-әдістемелік және кадрлық өсуіне ықпалын тигізіп, университеттің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда QS әлемдік рейтингінде топ-200 үздік жоғары оқу орындарының қатарына кіретін Қазақстанның ең үздік университеті Түркияның 20-дан астам жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық байланыс орнатты.

   Филиалдың ашылуы академиялық ұтқырлық аясындағы жобаларды жүзеге асыруға, оқытушылар мен студенттер алмасуға, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарын  жүргізуді көздейді. Бұл – ҚазҰУ мен Түркия университеттері арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытудағы үлкен қадам. Жыл басынан бері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың сегіз факультетінің  247 магистранты  Түркия университеттерінде ғылыми-зерттеушілік тәжірибе мен тағылымдамадан өтуде.

    Университет мамандарының айтуынша, филиал жұмыс істей бастаған бірінші жылы Түркия Республикасы мен басқа да шет мемлекеттерден 500 студент қабылдау жоспарлануда. «ҚазҰУ филиалы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша жұмыс істейді. Филиал базасында қосымша кәсіптік білім беру бағдарламалары, ғылыми жобалар мен сараптамалық-талдау бағытындағы зерттеулер жүзеге асырылатын болады», – деді ашылу салтанатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев. 
 
 

    Бұған қоса, Ыстамбұлда Қазақ ұлттық университеті мен Hacettepe University арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл меморандум бірлескен білім беру бағдарламалары мен жобаларды іске  асыруға, екі оқу ордасы арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ - еліміздегі жетекші көпсалалы университет. ҚазҰУ білім берудің барлық деңгейінде кең ауқымды салаларда мамандар даярлау ісінде  ерекше рөл атқарады. Қазір Қазақ ұлттық университетін әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру жұмыстары қолға алынды. 2021 жылы Quacquarelli Symonds World University Rankings (QS WUR) рейтингінде ҚазҰУ 175-орынды иеленіп, ислам және түркі елдеріндегі ең үздік университет болып танылды. ҚазҰУ-дың білім беру бағдарламалары үлкен сұранысқа ие, сондықтан көптеген елдер университет филиалын ашуға мүдделі.


                                                                                                                  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі