«Жыл ректоры» марапаты табысталды

30.12.2021

Көрулер: 3833

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса білім ордасының басшысы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевқа «Жыл ректоры» марапатын табыстады.


Жыл қорытындысына негізделген салтанатты шараға арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, көрнекті ақын, қайраткер журналист Қазыбек Иса халық таңдауы арқылы «Жыл ректоры» марапатына ие болған Жансейіт Түймебаевты құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Биыл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бірқатар нақты жұмыстар атқарылды. Бүгінгі марапат сол еңбектің нәтижесі», – деді Қазыбек Иса.

Өз кезегінде университет басшысы ұйымдастырушыларға және сауалнамаға белсенді қатысқан оқырмандарға университет ұжымы мен білім алушы жастардың атынан алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар алдағы уақытта университетте ауқымды жұмыстар жалғасын табатынын атап өтті.

Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-ға басшы болып тағайындалған уақыттан бері оқу орны әлемнің 200 үздік университеті қатарында 175-орынға ие болды.

Оқу ғимараттары мен жатақханалар заман талабына сай күрделі жөндеуден өтіп, аудиториялар жаңа техникалармен жабдықталды.

Оқытушы-профессорлар мен қызметкерлердің еңбекақысы жыл басынан бері екі рет өсті.

100-ден астам жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылды.

Сонымен қатар оқу жылы басында білім ордасының 50 жас ғалымы мен қызметкері Түркияға тәжірибе алмасуға арнайы жіберілді.

Еске сала кетейік, «Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталы ел дамуына елеулі үлес қосып, әр салада табысқа жетіп жүрген үздіктерді анықтау жобасын жыл сайын өткізіп келеді.

Оқырмандар сауалнамаға белсенді қатысып, sms, электронды пошта хабарлары және әлеуметтік желі арқылы өздерінің дауыстарын береді.

Осылайша жылдың спортшысы, айтыскер ақыны, қайраткері, ақыны, жазушысы, драматургі және жылдың басты оқиғасы, датасы т.б. оқиғалар бойынша жеңімпаздар іріктелді.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі