Елбасының "Ұлы дала ұлағаттары" кітабы талқыланды

02.12.2021

Көрулер: 2639

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» онкүндігі аясында Елбасының «Ұлы дала ұлағаттары» кітабы талқыланды. Оған белгілі қаламгерлер Ермахан Шайхыұлы, Нұржан Қуантайұлы және жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев қатысып, кітаптың құндылығы төңірегінде жастармен емен-жарқын сұхбаттасты.

Кездесуді ашқан университет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев еңбектің тәуелсіздік тарихын баяндауда ерекше орын алатынын атап өтті. «Егемен Қазақстан» газетінің беттерінде кітаптың үзінділері жарық көргенде қызыға оқыдық. Еңбекте Елбасының балалық кезінен көрген-білгені, көңілге түйгенімен қатар, ұлы даланың даналығы мен ұлағаты, салт-дәстүрі жайлы кеңінен әңгіме қозғалады», – дей келе, туындыны жастарға оқуға кеңес берді.

Жазушы Ермахан Шайхыұлы да Елбасы еңбегінің оқырманмен етене сырласу сипатында жазылғанын айтып, кітаптың 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында жарық көріп, халық арасында кеңінен талқыланғанын тілге тиек етті.

«Кітап ұлы дала ұлының еліне, халқына деген тебіренісі, болашаққа деген жоба-жоспарлары және өзге елдермен қарым-қатынасы барысынан шынайы көрініс береді. Тәуелсіздік жылдарындағы тағдыршешті оқиғаларды Елбасының ішкі сезімі арқылы оқу өте қызықты әрі тағылымды», – деді жазушы.

Сонымен қатар елдің сыртқы саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы негізгі бағыттарын көрсеткен оқиғалар тарихынан көптеген мысалдар келтірді. Елбасының туған тіл, туған жер, туған ел жайлы толғанғанын атап өтті.

Жиында сөз алған журналист-жазушы Нұржан Қуантайұлы «Ұлы дала ұлағаттары» кітабының негізгі үш тақырыпты қозғайтынын назарға алды. Отан, мемлекет және тәуелсіздік тақырыптарын атай келе, туындыда осы қасиетті ұғымдар төңірегінде үлкен философиялық ойлар айтылатынын жеткізді. Ол Қазақ елінің ежелден мемлекет құрғанын тарихи деректерге шолу жасай отырып, "Отан" сөзінің мағынасына тереңнен үңілді. Отанды сүюдің маңызы мен тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығына кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ басқосуда студенттер түрлі сұрақтар қойып, Ұлт Көшбасшысының еңбегі жайлы өз пікірлерін ортаға салды. Жастар еңбекте тәуелсіздіктің дара жолы жайлы құнды мәліметтер берілгенін алға тартып, тілге жеңіл әрі түсінікті жазылғанын атап өтті.

Онкүндік ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналып отыр. Оның шеңберінде ертең оқу орнында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тарих жасаған тұлға» кітабы бойынша дәріс өтпек.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі