ҚазҰУ-да түркітану тереңдетілді

03.11.2021

Көрулер: 3120

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіндегі Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы «Түркітану және тіл теориясы»  атауына өзгертілді.

Бұл туралы шешім университеттің Ғылыми кеңесінде қабылданды.

Ширек ғасырға жуық тарихы бар, бірегей  дәстүрі қалыптасқан кафедра  қазіргі заман талабына сай «Лингвистика», «Лингвистика және мәдениаралық коммуникация», «Компьютерлік лингвистика»  мамандығы бойынша магистратура және докторантура, «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша үш деңгейлі (бакалавр, магистратура, докторантура), еуропа және шығыс (түркі) тілдерін жетік меңгерген мамандар даярлайды.  Кафедраның білім беру және ғылыми зерттеудегі, сонымен қатар тіл теориясы,  салыстырмалы және салғастырмалы тіл білімі салаларындағы  бай тәжірибесі,   әлем кеңістігіндегі 40-тан астам қазіргі түркі тілдерін, олардың тарихы мен мәдениетін, этнографиясын зерттейтін, тарихын көне түркі ескерткіштерді зерттеуден бастау алатын түркітанушы мамандар даярлайтын  жаңа тұрпаттағы кафедра болатыны сөзсіз

Бүгін де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан мен Азиядағы түркология саласы бойынша іргелі зерттеулерге ұйытқы бола алатын интеллектуалдық орталыққа айналып келеді.

«Түркітану» кәсіби біліктілігін беру құзыреті  филология  факультетіне, соның ішінде аталған кафедраға жүктелуі кездейсоқ емес. Отандық түркітану саласындағы жетекші мамандар, ірі түркітанушы ғалымдар осы  факультетте шоғырланған. Ұлы Отан соғысы кезінде көне түркі жазуының білікті маманы, профессор Сергей Малов пен тіл теориясының көшбасшысы, профессор Игорь Мещанинов  сынды ғалым-мамандар филология факультетінде түркітанудың түрлі салалары бойынша дәрістер оқыды. Кейін Әбдуәли Қайдар, Мархабат Томанов, Ғұбайдолла Айдаров, Әбжан Құрышжанов, Әрсен Ибатов, Алтай Аманжолов, Берікбай Сағындықұлы сынды белгілі түркітанушы ғалымдар өзіндік мектеп қалыптастырды.

Отандық түркітану бағытындағы ірі ғылыми еңбектер, оқулықтар, түркітану пәндеріне қатысты оқу бағдарламаларының авторы да осы ғалымдардың атымен тікелей байланысты. Бүгінгі таңда аталған ғалымдардың  шәкірттері халықаралық, республикалық деңгейде танымал болған белгілі зерттеушілер, ұстаз-ғалымдар. Олар республиканың айтулы университеттерінде, ғылыми-зерттеу институттарында, шетелдерде түркітану мәселелерімен кәсіби деңгейде айналысып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Кафедраның жаңадан жасақталған шығармашылық ұжымы қайта жаңғырған кафедра жұмысын, ғылыми потенциалын  жаңа деңгейге көтеріп, кешенді зерттеулер жүргізуге дайын.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз  қызметі