ҚазҰУ-да «Ғалым Телғожа Жанұзақ және ономастика мәселелері» атты конференция өтті

22.05.2021

Көрулер: 3407

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түркі академиясының ұйымдастыруымен белгілі түрколог, қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, профессор Жанұзақ Телғожаның 95 жылдық мерейтойына орай ғылыми конференция өтті. «Ғалым Телғожа Жанұзақ және ономастика мәселелері» атауымен өткен шарада «Қазақ ономастикасы» атты 5 томдық еңбектің тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты.

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі ғалымға арнаған құттықтауында оның ғылыми шығармашылығының мәні мен маңыздылығын ашып көрсетті.

Ұйым басшысы өз сөзінде: «Жер-судың аты – тарихтың хаты» деген қанатты сөз тіл білімінің сардары Телғожа Жанұзақтың іргелі ғылыми еңбектерінің терең мазмұнына арналғандай.

Отандық ономастика ғылымының негізін салушылардың бірі болған ол аталған саланың жеке пән ретінде бой көтеріп, өркен жаюына зор үлес қосты» дей келе, тілші-ғалымның қазақтың әр өлкесі, өзен-бұлағының көне түркі, арғы сақ, ғұн дәуірлерінен тамыр тартқан қасиетті атауларын жарқырата көрсетіп, дәйекті дәлелдеп бергенін жеткізді.  

Басқосуда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму мәселелері жөніндегі проректоры м.а. Әлия Мәсәлімова ғалымды мерейлі жасымен құттықтап, арнайы сый-сияпат тапсырды. Ол ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері, ҚР Гуманитарлық ғылым академиясының академигі Телғожа Сейдінұлының тіл білімінде іргелі мектеп қалыптастырғанына тоқталып өтті.

Белгілі ғалымның қазақ тіл білімінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі жайлы танымал абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Кабульдинов, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебаев сынды көрнекті қоғам қайраткерлері мен ұлт зиялылары ой толғап, пікір білдірді.

Сондай-ақ жиында парасатты тұлғаның лексикология, лексикография, терминология, ономастика, орфография және халық ауыз әдебиеті мен аударма мәселелері бойынша терең зерттеу жүргізіп, 500-ге жуық еңбек жазғаны атап өтілді.

Жиын соңында мерейтой иесі жиылған барша қауымға жылы лебіздері үшін ризашылық білдіріп, жүрекжарды алғыс-тілегін жеткізді.

Айта кетсек, тілші-ғалым 1989 жылы Жоғарғы Үкімет орындарына хат жолдап, Мемлекеттік ономастикалық комиссия құру жайлы мәселе қойды. 1990-1998 жылдары ол осы комиссияның ғалым-хатшысы, 1999-2003 жылдары мүшесі болып, қоғамдық негізде ауқымды жұмыс атқарды.

Телғожа Жанұзақтың іргелі еңбектері бүгінде қоғам сұранысын өтеп, көптеген зерттеу жұмыстары төлқұжат беру органдары мен азаматтық хал-актілерін тіркеу мекемелерінде кеңінен пайдаланылатын, ұлттық мүддеге қызмет ететін құнды құралға айналып отыр.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі