ҚазҰУ-да Фараби ұлағатына арналған дәрістер өтуде

20.05.2021

Көрулер: 3254

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында академик Әбсаттар қажы Дербісәлі «Отырарлық ғұламалар» тақырыбында дәріс оқыды.

Бұл – білім ордасының «Отыз жылдыққа отыз апталық» жол картасы негізінде «Ұлы Фарабидің ұлағаты» бағыты бойынша жоспарланған бұқаралық дәрістердің бастамасы.

Алғашқы дәрісті ұлы даланың дара тұлғасы – Әбу Насыр әл-Фараби мен өзге де данышпандардың жазба мұрасын зерттеп, ғылыми айналымға енгізуге шығармашылық өмірін арнаған ҚР ҰҒА және Халықаралық араб тілі ҒА академигі Әбсаттар қажы Дербісәлі өткізді.

Ғалым Отырар қаласынан шыққан 30-дан астам ғұламалар жайлы мол мағлұмат беріп, олардың еңбектерінен деректер келтірді. Соның ішінде Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталып өтті.

Дәрісте Қазақстанның тәуелсіздік жылдары жеткен ғылыми және мәдени жетістіктері де сараланып, көпшілік назарына ұсынылды. Қатысушы ғалымдар мен студенттер, көпшілік қауым қазақ мәдениеті мен ғылымы жайлы құнды ғылыми деректер мен дәйектерге қанықты.

Кездесу Халықаралық Әл-Фараби орталығының ұйымдастыруымен өтті.

Айта кетсек, орталық фарабитану, қазақ және түркі философиясы саласында ғылыми-зерттеу қызметін жүргізеді. Әл-Фараби трактаттарын аудару және басып шығару жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар орталыққа Әл-Фараби мұрасын сақтау, қайта құру және насихаттау бойынша таяу және алыс шетел мамандарының халықаралық ынтымақтастығын үйлестіру де жүктелген.

 

Дәрісті төмендегі сілтемелер бойынша тыңдауға болады:

 

https://www.facebook.com/100051682253637/videos/pcb.250865053312901/184817056858781

https://www.youtube.com/watch?v=SBMtch1P9RQ&list=PLLE82XkEoNG8n1DcsNEWcJ_8sT7Mj4L96

https://www.instagram.com/p/CPAOM5fAgcj/

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі