Ресми баспасөз хабарламасы

06.01.2021

Көрулер: 7941

Кейінгі уақытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қатысты жеке тұлғалар тарапынан мақсатты түрде ақпараттық шабуыл жасалуда. Атап айтқанда, YouTube интернет-ресурсында белгісіз тұлға Рокки Балбо деген лақап атпен ҚазҰУ басшылығы университеттің жер учаскелерін жеке тұлғаға сатыпты-мыс деген видео хабарлама жариялаған. Содан кейін бұл материалды М.Казачков өзінің Telegram каналында тарата бастады. Осы тақырыпта блогер Б.Ж.Базарбек Facebook әлеуметтік желісінде пост жариялады. Осылайша, университет пен оның басшылығының беделін түсіруге бағытталған жағымсыз пікірлермен жағдайды мақсатты түрде ушықтыру белең алуда.

Осы ретте көтеріліп жатқан жер мәселесіне қатысты түсініктеме беруді қажет деп санаймыз. Біріншіден: университет пен ҚазҰУ-дың лауазымды тұлғалары жер учаскесінің бір бөлігін үшінші тұлғалардың пайдасына иеліктен шығару жөнінде келісім берген жоқ және де жер учаскесін басқа тәсілмен бөлуге қатысқан жоқ. Айта кетерлік жайт, барлық мүлік пен жер мемлекеттік актив болып табылады, сәйкесінше ЖОО-да оларды иелену, пайдалану және билік ету құқығы жоқ.

Екіншіден: ҚР Жер Кодексінің 43, 44-1 және 48-баптары, сондай-ақ «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңының 4-бабының 1-тармағы мемлекеттік мүлікті, оның ішінде жер учаскелерін басқару, беру/сату саласындағы мемлекеттің құқықтары мен міндеттерін белгілейді. Жоғарыда аталған заңдардың баптарында шешімдер қабылдау тәртібі заңнамалық түрде айқындалған, сондай-ақ мемлекетке тиесілі мүлік пен жерге қатысты кез келген жеке-дара шешім қабылдау тәртібі алынып тасталған. Демек, университет басшылығы өз қалауы бойынша мемлекеттік мүлік пен жерді беруді жеке-дара жүзеге асыра алмайды.

Үшіншіден: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы 2017 жылы жер учаскелерін иеліктен шығару жөніндегі жерге орналастыру жобасын әзірлемеген, бекітпеген және оған ешбір түрде қатыспағаны туралы хабарлаймыз.

Осылайша, әлеуметтік желілердегі ҚазҰУ басшылығының жер учаскелерін беруге қатысы бар деген жарияланымдар шындыққа сәйкес келмейді және оның беделін түсіруге бағытталған. Жоғарыда айтылғандарға байланысты қазіргі уақытта құқық қорғау органдарына шаралар қабылдау туралы өтініш жолданды.

www.kaznu.kz