ҚазҰУ-да AVEVA инженерлік жобалау орталығының ашылуы

19.11.2020

Көрулер: 3434

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Химия және химиялық технология факультетінде, Химиядағы есептеу әдістері оқу зертханасында «AVEVA Group plc» Британиялық компаниямен бірлесе отырып 2020 жылғы 18 қарашада «AVEVA химия-технологиялық үдерістерін инженерлік жобалау орталығының» ресми ашылу рәсімі өтті. 

 Ашылу салтанатына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің бірінші проректоры профессор Бүркітбаев Мұхамбетқали Мырзабайұлы, AVEVA өнімін статегиялық дамыту бойынша Вице-президенті Julien de Beer мырза, химия және химиялық технологиялар факультетінің деканы Тасибеков Хайдар Сүлейменұлы, сонымен қатар кафедра, лаборатория меңгерушілері және факультет докторанттары қатысты. Жоба мұнай - газ, энергетика, химия және кеме жасау өнеркәсібінде жобалау, инжиниринг және жобаларды басқару үшін кешенді IT шешімдердің ірі әзірлеушісі AVEVA Group plc қолдауымен іске асырылады. Жобаның негізгі мақсаты AVEVA технологиялары негізінде оқытудың заманауи бағдарламалары есебінен студенттер мен оқытушылардың білімдері мен дағдыларын жетілдіру болып табылады.

AVEVA компаниясының өкілі Julien de Beer мырза өз сөзінде компанияның қызметі, серіктестері және болашақ мамандарды оқытуда AVEVA PRO/II Simulation химиялық-технологиялық үдерістерін жобалауға арналған есептеу бағдарламасының мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Бірінші проректор М.М. Бүркітбаев университет атынан AVEVA компаниясына PRO/II Simulation бағдарламасын пайдалануға лицензия бергені үшін алғысын білдіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Орталық Азия өңіріндегі AVEVA Group plc компаниясы өз өкілдігін ашқан алғашқы жоғары оқу орны болғанын атап өтті. Біздің университетіміздің AVEVA компаниясымен одан әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтатын мүмкіндіктерін көрсетті.

Жүзеге асырылып жатқан жоба қазіргі заманғы теориялық химия және химия өнеркәсібі саласындағы зерттеулер мен қолданбалы мәселелерді халықаралық деңгейде тиімді шешу үшін жеткілікті кәсіби құзыреттілікке ие жоғары білікті кадрларды даярлауға және ғылыми-технологиялық дамудың халықаралық көшбасшыларымен оқу процесіне жаңа технологияларды енгізуге ықпал етеді.

www.kaznu.kz