Инклюзивті білім беру

13.03.2020

Көрулер: 4436

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университеттің барлық педагогикалық мамандықтары бойынша «Инклюзивті білім беру» пәні енгізілді. Пәннің мақсаты – инклюзивті білім берудің заманауи стратегиялары мен әдістерін қолдану. Пәнді оқу барысында студент денсаулық мүмкіндігі шектеулі адамдардың психикалық және психофизиологиялық дамуының ерекше заңдылықтары мен жеке ерекшеліктерін меңгеруі, инклюзивті білім берудің қазіргі моделін, инклюзивті білім берумен байланысты мүгедектіктің әлеуметтік моделін, денсаулық мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мен тәрбиелеудің нормативтік-құқықтық базасын, ерекше білім беру қажеттілігін, «тәуекел» тобындағы балаларды сипаттауы тиіс.

ҚазҰУ-дың педагогика және білім беру менеджменті кафедрасы болашақ әлеуметтік педагогтарды дайындауда, олардың әлеуметтік-педагогикалық жұмыс үшін және инклюзивті білім беру жүйесінде кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру бойынша белгілі бір тәжірибе жинақталғанын атап өткен жөн.

Инклюзивті білім беру педагогы қандай болуы керек? Инклюзия жағдайында табысты жұмыс істеу үшін қандай ерекше жеке-кәсіби қасиеттерге ие болу тиіс? Инклюзивті саласындағы тәжірибеде әлеуметтік-педагогикалық қызметін іске асыру үшін қандай инновациялық технологиялармен қаруланған жөн? Осы сұрақтардың жауабын іздеу барысында кафедра ғалымдары оқу жылының басында жаңа «инклюзивті білім беру жағдайындағы заманауи технологиялар» мамандығын ашу үшін білім беру бағдарламасын дайындап шығарды.

 Білім беру бағдарламасын жүзеге асыру инклюзивті білім беру саласындағы жаңа тұжырымдамалардың терең заманауи білімін талдап, жалпылауға қабілетті маманды дамытуға бағытталған. Инклюзивті білім беру саласындағы мамандардың құзыреттілігін қалыптастыруға магистранттардың келесі пәндерді зерделеуі ықпал етеді: «инклюзивті кеңістіктегі әлеуметтік терапия», «инклюзивті білім беруді жүзеге асыруға дайындаудың халықаралық тәжірибесі», «инклюзивті білім берудегі оңалту жұмысы», «инклюзивті білім берудегі диагностика және клиникалық зерттеулер», «инклюзивті ортада оқыту стратегиясы», «инклюзивті білім беруге арналған даярлаудағы инновациялық технологиялар» және т. б.

Осы мамандықтағы оқу үрдісін кафедраның жетекші ғалымдары п. ғ. д., профессор А. Б. Мукашева, п. ғ. д., профессор А. С. Магауова, п. ғ. к., профессор М. А. Г. А. Қасен, п. ғ. к., доцент Ж. Ш. Бақтыбаев, РhD докторы П. Т. Абдуллаева қамтамасыз етуде.

www.kaznu.kz