Дәрілік заттар жасайтын зертхана ашылды

26.11.2019

Көрулер: 4420

ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінде Қазақстан-Қытай бірлескен дәрілік заттар зертханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Университет пен институт арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум бірлескен болашақ жобаға жол ашты.

Фитотерапия бүгінде кеңінен пайдаланылады. Емдік шөптер негізінде жасалған дәрілік препараттар өте тиімді және қауіпсіз екенін білеміз. Көптеген адамдар буын, асқазан, қан қысымы ауруларын емдеуге қытайда жасалған шөптерді пайдаланады. Алайда Қазақстан жері де пайдалы дәрілік өсімдіктерге бай және фито-препараттар өндірісін дамытуға әлеуеті жетеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы Дәрілік өсімдіктер ғылыми-зерттеу орталығында емдік шөптердің қасиеттерін зерттеу жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізіледі. Ал бүгін Қытай Ғылым Академиясының Синьцзян физика-химиялық техникалық институтымен бірлескен Қазақстан-Қытай дәрілік заттар зертханасы ашылды.

Бұл салтанатты шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхаметқали Бүркітбаев, Қытай ғылым академиясының Синьцзян техникалық физика-химиялық институты директорының орынбасары Қажы Акбер Айса, Қазақстандағы ҚХР бас консулдығын өкілдері Гуи Ми Шюн және Лу Енг Ган қатысты. Кездесу барысында екі жақ ынтымақтастығының жаңа кезеңін білдіретін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

«Бүгін, Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты ынтымақтастық, соның ішінде білім мен ғылым саласы жоғары деңгейде дамуда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстан және Орталық Азиядағы ең мықты және танымал университет. Мұнда әр түрлі салаларда мықты ғылыми-зерттеу жасалады. Ал университет базасында құрылған бірлескен зертхана Қазақстанда фармацевтика өнеркәсібін дамыту үшін түрткі болады, жаңа серпін береді» – деп атап өтті Гуи Шюн.

Зертхананың ашылу рәсіміне қатысушыларды құттықтаған ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхаметқали Бүркітбаев: «Қазақстанның табиғаты дәрілік шөптерге бай, бірақ фито-препараттарды өндіру технологиясы жеткілікті деңгейде дамымаған, бәсекеге қабілетті өнімдерді шығару үшін осы саладағы қажетті мамандар және білім қажеттігін айтты. Мүмкіндіктер мен ресурстарымызды біріктірсек, біз үлкен жетістіктерге қол жеткізе аламыз» – деді проректор.

– Бүгінгі жастар барлық прогрессивті бастамалар мен жобаларға белсене қатысады. Бірлесіп, біз ғылыми кадрлар тәрбиелейміз, дәрілік фито-препараттар өндірісін дамытамыз, бірлескен жобалар алға жылжытып қоғам игілігі үшін жұмыс істейміз. Мұндай адуынды жобаны іске асыру жобаның идеясын жандандырған Дәрілік өсімдіктер ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанар Жеңістің күш-жігері арқасында мүмкін болды.

«Бұл, біз бұрыннан бері еңбек етіп жатқан керемет жоба, – дейді Жанар Жеңіс. – Мен бақыттымын, біз үлкен істі бастадық, бүгін біз, мақсаты – пайдалы және тиімді фито-препараттар шығаратын үлкен жобаның негізін салдық. Егер мұндай дәрі-дәрмектер Қазақстанда жасалатын болса экономикада ғана емес, ұлттың денсаулығы жағынан да ұтамыз. Бұл дәрілердің құны да арзан, жанама әсерлері де аз, ал пайдасы мол болмақ.

www.kaznu.kz