Жетпіс жылдық белес

23.11.2019

Көрулер: 2850

Әл-Фараби ғылыми кітапханасында философия және саясаттану факультетінің құрылғанына - 70 жыл толуына орай «Өткенді ұмытпаймыз, бүгінгіні іске асырамыз, болашақты қалыптастырамыз» атты халықаралық конференция өтті. Шараға университет басшылығы, факультеттің оқытушы-профессор құрамы, түлектері, бакалавриат, магистратура, докторантура бөлімдерінің студенттері мен жас ғалымдар қатысты.

Халықаралық конференцияға дейін факультетте бірқатар маңызды шаралар өткен болатын. Алғашқылардың бірі болып философия кафедрасы бастады. «Философия таңдау және мамандық ретінде» тақырыбындағы дөңгелек үстелде жас ғалымдар философияның маңыздылығына тоқталып, ойларын ортаға салды. Дәл осы күн дүниежүзілік философия күні датасына сәйкес келді.

Ал әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы Дүниежүзілік әлеуметтану күніне арналған «Жаһандық дамудың жаңа парадигмалары» тақырыбында V Әжен оқуларын жүргізді. Қазіргі əлеуметтік теориядағы жаһандану ең өзекті тақырыптардың қатарында тұрғандығы мəлім. Бұл сұрақты анағұрлым терең қалыптастыруда осындай жиындардың өтуі аса маңызды.  

Дінтану және мәдениеттану кафедрасы болса, «Дінтану» мамандығының 20 жылдығына арналған «Дінтанудың қазіргі жағдайы мен оның даму перспективалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырды. Бүгінде дінтану және мәдениеттану кафедрасы бірегей рухын сақтап, өзінің кәсіби мәртебесін нығайтып, егеменді Қазақстан алдында тұрған міндеттерге сай заманнан қалыспауға тырысады. 

Мерейтойлық шаралар аясында, педагогика және білім беру менеджменті кафедрасы да белсенділік көрсетті. Олар «Халықаралық білім беру жобалары» тақырыбында Сум дипломнан кейінгі білім беру институтымен бірлескен вебинармен ұштастырса, «Үшінші мыңжылдықтың жастары: саясат туралы пікірталастар» тақырыбында саясаттану және саяси технологиялар кафедрасы дөңгелек үстелін өткізді.

Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы қоғам үшін тағы бір маңызды тақырыпты талқылады. «Депрессиялық күйлердің психофизиологиялық зерттеулері» атты дөңгелек үстел, студенттердің білімділігін одан әрі шыңдай түсті.

Факультеттің жас ғалымдары «Заманауи Қазақстанда әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулердің мәселелері» тақырыбында пәнаралық ғылыми семинарын өткізді. Жас ғалымдар өз зерттеулерімен таныстырып, пікір алмасты. Жалпы, көпшіліктен дәл осындай ғылыми семинарлардың болуы аса маңызды екендігі айтылып жатты.

Факультеттің студенттер кеңесі де өз тартуын жасады. Олар «Философия және саясаттану факультеті мамандықтарының шеруі» атты шығармашылық кеш өткізіп, замандастарына, ұстаздарына, факультет ұжымына керемет көңіл-күй сыйлады.

Жетпіс жылдық мерейтой аясында шараны қорытындылайтын «Өткенді ұмытпаймыз, бүгінгіні іске асырамыз, болашақты қалыптастырамыз» атты халықаралық конференциясын философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова жүргізіп, алғы сөзді әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаеваға берді. Проректор университет ректоры Ғ.Мұтановтың құттықтауын жеткізді.

-Философия және саясаттану факультеті-еліміздегі әлеуметтік-гуманитарлық пәндер бойынша білім беретін орталықтардың біргейі және күрделі ғылым ордасы. Тәуелсіз Қазақстанның болашақ мамандарының білікітілігін қалыптастырып, таным көкжиегін кеңейтуде және ізгі қоғамның ізгі тұрғын тәрбиелеуде факультеттің үлесі өте зор. Факультет қабырғасында білім алған түлектер еліміздің барлық салаларында табысты қызмет етіп, танымал тұлғаларға айналды және өздерін осы факультет түлектері екенін әрдайым мақтан тұтады. Факультет қазіргі заманғы жоғары білім беру мекемелеріне қойылатын талаптардың барлығын жемісті жүзеге асырып отыр, - делінген ректордың құттықтау хатында.

Университет ректоры Ғ.Мұтановтың 2019 жылғы 22 қарашадағы №578 бұйрығы негізінде, ҚазҰУ-дың 85 жылдық мерейтойына орай тағайындалған «Ерең еңбегі» медалімен факультеттің бірқатар ардагер қызметкерлері марапатталды.

Факульет деканы А. Масалимова: "Факультет білім мен мәдениеттің, философияның, мәдениеттану, дінтану, әлеуметтану, психология, педагогика, саясаттану ғылымдары дамуының базасы болып қана қоймай, университеттегі барлық мамандықтардың методологиялық бағыттаушысы рөлін атқаруда. Сонымен қатар ол Орта Азия аймағындағы философиялық білім берудің жетекші орталығы болып табылады.

Философия және саясаттану факультетінің ұжымы жеткілікті түрде жоғарғы шығармашылық әлеуетімен, жауапкершілігімен, өзінің кәсібіне және университетіне берілгендегімен ерекшеленеді", - деп факультеттің жетпіс жылда жүріп өткен жолымен таныстырып өтті.

Факульеттің 70 жылдық мерейтойын шет елдік ғалымдар да құттықтаған. Бұл факультеттің халықаралық байланыстағы белсенді қызметі мен әріптестігін көрсетсе керек.

Мерейтоймен факультетті құттықтай келген ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану жəне дінтану институты директорының орынбасары, ф.ғ.д., профессор Серік Нұрмұратов: "Жетпіс жылдық мерейтой әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің ұстаздары мен шәкірттері үшін ғана емес, сонымен қатар жалпы қазақстандық зиялы қауым үшін елеулі оқиға. Бүгінде факультет халықаралық үлкен беделге ие. Осы бағыттағы еңбектеріңіз ары қарай жемісті болсын", - деп ақ тілегін білдірді.

Сондай-ақ, мерейтойлық шарада елімізге белгілі ғалымдар мен саяси, әлеуметтік орталықтардың басшылары сөз сөйлеп, құттықтау хаттарын табыстады. Шара соңы музыкалық бағдарламамен жалғасты. Ал кітапхана фоейсінде өткізілген алты факультеттің ғылыми-танымдық көрмесі мен факультетті басқарған декандар мен оқытшуы-профессорларға қойылған фотокөрме келген қонақтарға, түлектерге, студенттерге үлкен әсер қалдырды.

www.kaznu.kz