Әбіш Кекілбаев – замананың заңғар тұлғасы

26.10.2019

Көрулер: 6680

Қазақ әдебиетінің тарихынан ойып тұрып орын алатын кесек тұлға, қарымды қаламгер, суреткер жазушы Әбіш Кекілбаев университет қабырғасында жүрген кездің өзінде жазған алғашқы шығармаларымен-ақ әдеби қауым мен оқырман жұртшылықтың назарын өзіне аудара білгенін, ұлы Әуезовтің өзі болашағынан үміт күтіп, бағдар бергенін білеміз.

Сан алуан тақырыпта, әр қилы жанрда қалам тербеген туындыларының кез-келгенінің көркемдігі, тілі, әдіс-тәсілдері оқырманын тәнті етіп, ұлттық әдебиет әлемінен үлкен орын алғаны әлдеқашан мойындалған. Үстіміздегі жылы жазушының мерейтойы аясында Әбіш әлемі тағы да ел назарын өзіне аудартты. Қаламгерлік, қайраткерлік һәм азаматтық тұлғасы туралы түрлі деңгейдегі жиындар, басқосулар, форумдар өтіп жатыр. Әрбір жиын қаламгердің қазақтың көркемдік ойлау дүниетанымы мен ақыл-ойына, зейіні мен зердесіне, парасаты мен пайымына қандайлық өре, қаншалықты деңгей қосқанын айғақтауға, қайыра бір ұлықтауға, ұмытпауға, терең пәлсапа мен биік парасатқа толы еңбектері мен ұлтқа қызмет етудегі өлшеусіз еңбегін ой-сүзгіден өткізуге арналғандай.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына арналған «Әбіш Кекілбаев – замананың заңғар тұлғасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференцияны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов кіріспе сөзбен ашты. Одан әрі мәжіліс жұмысын филология және әлем тілдері факультетінің деканы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы жүргізіп отырды. Пленарлық мәжілісте Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Елгезек Ақберен, жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков құттықтау сөз сөйледі. Ал «Әбіш Кекілбаев – кемеңгер» деген тақырыпта жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубаев, «Біздің заманымыздың заңғар тұлғасы» тақырыбы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, «Ә. Кекілбаев шығармашылығы және рухани жаңғыру» деген тақырыпта ҚР БҒМ М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Кенжехан Матыжанов баяндама жасады. «Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы: ойшылдық дүниетаным және суреткерлік шеберлік» мәселесін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов өз баяндамасына арқау етті.

Жиын соңында жазушының жары Клара Жұмабаева сөз алып, қаламгердің студенттік жылдардағы белсенділігі мен өскен ортасы жайлы, ана тәрбиесінің оң ықпалы туралы ойларымен бөлісті. Заңғар тұлғалы Әбішке жасалып жатқан құрметке, шешендердің қаламгерлік құдіретінің құпиясын ашудағы зерделеулеріне көңілі толғанын жасырмады, университет басшылығына, жиналғандарға алғысын айтты.

www.kaznu.kz