Қас қағым сәт фотокөрмесінен

26.09.2019

Көрулер: 3963

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінде фотограф Сайлау Пернебаевтың 80-жылдығына орай «Қас қағым сәт...» атты фотокөрменің ашылуы өтті.

Фотокөрме, қазақстандық фотожурналистика негізін қалаушылардың бірі Сайлау Пернебаевтың шығармашылық мұрасымен таныстыру мақсатында, фотожурналистің 80-жылдығына арналды. Көрмеде туындыгердің таңдаулы фотосуреттері жұртшылық назарына ұсынылды. Айтулы шараға журналистика факультетінің деканы әрі ұстаз Сағатбек Медеубекұлы бастаған баспагер, ақын,  қоғам құрметтілерінің шоғыры қатысып, естелік әңгіме, жылы лебіздерімен бөлісті. Сонымен қатар шараға Сайлау Пернебаевтың жақындары, отбасы мүшелері қатысты.

Әке мұрасын жинақтаушы, Сайлау Пернебаевтың қызы Айнұр Сайлауқызы сөз сөйлеп, ойларымен бөлісті. «Әкеміз осынау өнердегі жолын 65-ші жылы бастаған. Әкеміз 14-жастан шахтыда жұмыс істеген. Сол жерге Ленинградтан тілшілер келген. Ал әкем әуесқой суреттерді түсіріп жүрген еді. Сол кезде әкем өзінің зеректігімен, қағылезділігімен көзге түседі. Айта кететін жайт тәуелсіздік тұсында Елбасы инаугурациясын түсіруге алғаш рұқсат құжатын алған фотокорреспондент Сайлау Пернебаев. Мемлекеттік маңызы бар сәттердің басында өзі жүріп, бүгінгі таңда тарихи жәдігерге айналған суреттерді дүниеге әкелген»,- деді.

Сондай-ақ «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы бүгінгі датаға орайластырып, «Ақ пен қара» атты фото жинақтың алғашқы басылымдық нұсқасын көпшілік қауымға таныстырды. Жинақ Сайлау Пернебаевтың фотосурет қорындағы үздік туындыларынан құралған.

Сайлау Пернебаев Қазақстан журналистер одағының және Республикалық комитетiнiң сыйлығымен бірнеше мәрте марапатталды. Ғұмырының 40 жылдан астамын осы салаға арнады. Қазақстан фотожурналисткасының қалыптасуына өз үлесiн қосты.

www.kaznu.kz