«Фараби әлемі» мәресіне жетті

11.04.2019

Көрулер: 3968

ҚазҰУ-да жас ғалымдар мен студенттердің «Фараби әлемі» халықаралық конференциясының жабылу салтанаты өтті. Бұл шара екі жылдық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Жастар жылы аясында өткізіліп отыр.

Аталмыш шара алдында студенттердің инновациялық жобаларының көрмесі болды. Көрмеде жиналған қауымның назарына ҚазҰУ студенттерінің әртүрлі сала бойынша жасаған заманауи инновациялық жетістіктері көрсетілді.

«Фараби әлемі» конференциясының жабылу салтанатына ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, университет проректорлары, факультет декандары және оқытушылар мен студенттер қатысып, Инжиниринг және ғылыми ауқымды технологиялар кластерінің бас директоры Амирхан Темірбаев «Жастардың қатысуымен жасалған университеттің инновациялық жобалары» атты актілік дәріс оқыды.

2013 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық Фараби оқуларын өткізу дәстүрге айналған. Оның аясында «Фараби әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясына 6000-нан астам студент қатысты, оның ішінде Германия, Түркия, Үндістан, Жапония, Корея және ТМД елдерінен 200-ден аса жас ғалымдардың баяндамалары тыңдалып, тәжірибелік сағаттар мен дөңгелек үстелдер өткізілді. Факультеттерде конференция аясында 100-ден астам секция жұмыс істеді. Конференцияны ұйымдастырудағы басты мақсат - студенттердің ғылыми-зерттеу және оқу-ағарту қызметін дамыту, жас ғалымдардың ғылым саласындағы өзекті мәселелерін шешудегі ұсыныстарын тыңдау, әрі талантты жастарды қолдай отырып интеллектуалды орта қалыптастыру болып табылады.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жеңімпаздарға І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Ал инновациялық жобалар байқауы бойынша бас жүлде физика-техникалық факультетінің студенттері Ибраемов Тамерлан, Үсенхан Сұлтан, Досмуханова Динара, Елубаев Диасқа бұйырып, жеңімпаз студенттер диплом мен 150-мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқайдай «Біздің мақсатымыз- ғылымның дамуы үшін тың серпін, дұрыс бағыт-бағдар беру». Осы жолда ҚазҰУ жастары ғылымдағы соңғы жаңалықтарды меңгере отырып, қоғамның дамуына жаңа идеялар, білім мен ғылыми техникалық жетістіктерге қол жеткізу үшін жан-жақты ізденіп, ерінбей еңбектенуде. Ал осындай алғыр студенттерді университет тарапы әрқашан да қолдап, білім мен ғылымның шыңын бағындыруға барлық жолды ашып, көптеген мүкіндіктер жасап келеді.

www.kaznu.kz