«Бұғылар жолы» фотокөрмесі

16.03.2019

Көрулер: 2763

Тарих, археология және этнология факультетінің оқытушылары мен студенттері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі мен Мажарстан бас консулдығымен бірлесе ұйымдастырған «Бұғылар жолы» атты фотокөрмесіне қатысты.

Көрме аңшылық және табиғатты қорғаумен кәсіби түрде айналысатын Одон Блауманның фото шығармашылығына арналған. Одон Блауманның жеке көрмелері Венгрияның ірі қалалары – Будапешт, Секешфехервар, Папе, Печье, Зирценде сондай-ақ, басқа да Германия (Дортмунд қ.), Австрияда (Зальцбург қ.) өтті. Оның жұмыстары аңшылар журналдарының мұқабасы, аңшы ақпараттық бюллетені (PIRSCH, WILD und Hund) беттерінде, түрлі күнтізбе, газет, кітап басылымын безендіруде пайдаланылды.

«Бұғылар жолы» көрмесі бұдан 10-15 миллион жыл бұрын Орталық Азиядан тараған ашатұяқты бұғы тәріздес жануарлар дүниесіне арналды. Бұл жануарлардың Венгрия табиғатына бейімделуі, қоршаған ортаны жерсінуі аңшылық кәсіптің өрістеуіне ықпал етті. Мажарстанда бұғы, еліктердің Еуропа аймағындағы ең үлкен тобы сақталған. Мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынған аңдар осы күндері аңшылық объектісіне айналып отыр.

Көрме барысында студенттер Одон Блауманның 65 туындысы мен Венгрияның әсем табиғаты, жануарлар әлемімен таныстырылды. Салтанатты түрде ашылған көрме барысында арнайы түсірілген қысқа метражды фильм көрсетілді. Бұл көрме Венгрия мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты нығайтуға арналды.

www.kaznu.kz