Әлеуметтік серіктестік – жұмысқа орналасудың бірден-бір кепілі

14.11.2016

Көрулер: 3448

Қытайтану кафедрасы іргелі білім мен кәсіби-қолданбалы дайындықты ұштастыру бағытында белсенді жұмыс атқарып келеді және осы мақсатта жыл сайын студенттерге арнап жұмыс берушілердің арнайы түрлі тақырыптағы ашық дәрістерін ұйымдастыруда. Студенттердің пікірі бойынша, жұмыс берушілердің дәрістері, семинарлар мен шеберлік сағаттары әрдайым мазмұны жағынан өте қызықты және болашақта өздерінің кәсіби қызметін таңдауға және толыққанды түсінуге септігі зор.

Биыл да қытайтану кафедрасы өз дәстүрінен таймай, қараша айында жұмыс берушілермен арнайы кездесу өткізіп оған Қазақстандағы «КННК Интернационал» ЖШС директорының орынбасары, CNPC жобасындағы кадрлар саясатын реттеу жөніндегі директоры Райхан Абдрасилова қатысты. Спикер кафедраның 3-4 курс студенттері мен магистранттарына «Қазақстан-Қытай мұнай-газ саласындағы бірлескен кәсіпорындар практикасы» атты тақырыпта дәріс оқыды.

Дәріс барысында Райхан Серікбайқызы студенттерге мұнай-газ саласындағы қазіргі қытайлық және қазақстандық-қытайлық кәсіпорындарының жағдайын таныстырып, осындай кәсіпорындарға қажетті мамандарға қойылатын талаптар мен шарттарды айтып өтті. Сонымен қатар спикер қытай тілінің мамандарын даярлау жөнінде өз ойымен және тәжірибесімен бөлісті. Қытайтану кафедрасы студенттерінің білімі мен дайындығын жоғары бағалай отырып, «КННК Интернациональ» ЖШС-ның өкілі ҚазҰУдың талантты жастарын жұмысқа орналастыруда көмек қолын созуға даярлығын атап өтті.

Еңбек нарығының түрлі өкілдерімен қарым-қатынастың оңды тәжірибесіне ие бола отырып, қытайтану кафедрасы болашақта да осындай кездесулерді жалғастырмақшы. Жұмыс берушілермен тұрақты түрде кездесу оңды нәтижелер көрсетуде: студенттер еңбек нарығына жақсы бейімделуде және ҚазҰУ түлектерінің жұмысқа орналасқандар саны жылдан-жылға артуда.

 

Асыл Мөлдір

Қытайтану кафедрасының

аға оқытушысы