Тәуелсіздіктің белгісі

09.12.2021

Көрулер: 1774

Тәуелсіздік- ұлы халықтың ғасырлар бойы көрген қасіретінің, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігінің, таптырмас рухтың, жарқын болашаққа деген ұмтылыстың жемісі. Өз тілін, рәміздерін, жерін, мәдениетін, әдет-ғұрыптарын, Ата заңын еркін түрде қолданысқа енгізуге мүмкіндік беретін бостандық – тәуелсіздіктің белгісі. Яғни, бүгінгі күні Қазақстанның құзіретінде бар қазына.

Биыл Тәуелсіз еліміздің бостандық лебін сезініп, өз идеологиясын қалыптастырғанына 30 жыл толуда. Алайда, азаттықтың ақ таңына жеткенше қанша қазақ құрбан болып, ауыртпашылықтар көрді!?

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», ұлт-азаттық қозғалыстар мен көтерілістер, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ашаршылық зұлматы, саяси қуғын-сүргін, Дүниежүзілік соғыс, Желтоқсан оқиғасы- осы оқиғалардың барлығы қазіргі тәуелсіздігіміздің құны десем қателеспеспін. Ресей империясының қазақ жеріне шаруаларды жаппай қоныстандыруы қазақ халқының ежелден қалыптасқан салт - дәстүрін, шаруашылық жүйесін үлкен өзгеріске ұшыратты; отарлау саясатының салдарынан қазақ халқы материалдық жағынан ғана емес, рухани жағынан да зардап шекті; қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 миллион 200 мың адамнан, яғни барлық қазақ халқының 48 пайызынан айрылды; мал-мүлкінен айырылған бір жарым миллионнан астам қазақ ашаршылыққа ұшырап республикадан тысқары жерлерге босып кетті; қазақ халқы, әсіресе оның зиялы қауымы мен партия басшылығы қызметіндегі белсенді азаматтар 1926–1930 жылдардағы қудалауға ұшырап, қазақ интеллигенциясы саяси репрессия зобалаңының құрбаны болып атылды. Тарихты ақтара берсек, қаншама жаны «қазақ» деп тұрған азаматтарымыз, батырларымыз құрбан болғанына көзіміз жетеді. Қаншалықты биікті бағындырғаныңды білу үшін, артыңа көз салсаң жеткілікті. Тәуелсіздік алғанға дейінгі және қазіргі тәуелсіздігіміз шарықтаған шақтың арасындағы айырмашылық осы тұста ауадай сезілетіні рас. Кешегі күннің тарихын тізіп отырсақ, жан ауыртарлық оқиғалардың, еркіндігі жоқ, уайыммен жалғасқан күндердің, соғыстан қауіптенген әр қазақтың уайымының куәсі боламыз. Дәл қазір бұл қасіреттерді бастан өткермей, тыныш заманда өз еркіндігімізбен өмір сүріп, қалауымызды жүзеге асырып жатқандығымыздың өзі- тәуелсіздігіміздің беріктігінің көрінісі. Тәуелсіздік Қазақстанды қандай өзгерістерге алып келді?!

Тәуелсіздіктің ең бірінші белгісі- бостандық. Қазіргі кезде әрбіріміздің әрекетімізге берілген еркіндік сол бостандықтың көрінісі. Бұрындары қазақ азаматтары қалағанын жүзеге асырғаны былай тұрсын, өз ойын білдіруге деген құқығы да болған жоқ. Ал, қазіргі кезде әрбіріміз өз ойымызды еркін, әрі бұрынғыдай өмірімізге қауіптенбей жеткізе аламыз. Өткен заманда әрбір сөздің құны- бір адамның өмірімен бағаланған.

Әлемде қаншама тәуелсіз ел бар. Алайда, әрбір елдің өзіне ғана тән қазынасы- туған тілі жоқ. Қазақта бұл қазына ежелден қалыптасқан. Тек тәуелсіздік алғаннан бері «мемлекеттік» мәртебесіне ие болып, абыройы биіктетілді. Президент жолдауында «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу» деп мемлекеттік тілге көп көңіл бөлу керектігін баса айтты. Сонымен қатар, қазақтың көшелеріне қазақ атауларының берілуінің өзі- тіліміздің шарықтағандығының белгісі деп ойлаймын. Ерте заманда Ахмет Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деп нақылдап айтқан. Осыны ескере келе, қазіргі кездегі тіліміздің көп қолданысқа енуінен тәуелсіздігіміздің бекер дүние емес екенін аңғарамыз.

Тәуелсіздігіміздің тағы бір белгісі- мәдениетіміздің, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыздың өмір сүруі. Өзіміздің идеологиямызды қалыптастыра алуымыз, дәстүрімізді ұстана отырып, заманмен бірге қадам басуымыз- Тәуелсіздігіміздің жемісі деп білемін.

Тәуелсіздіктің берген ең үлкен артықшылықтарының бірі- әрбіріміздің санамыздың заман ағысымен өсіп, дамыған мемлекеттердің қатарынан қалмауы деп ойлаймын. Егер біз әлі де тәуелсіздік алмаған жағдайда санамыз да бұрынғының еншісінде қалатын секілді. Ал, тәуелсіздігіміз мәңгілік болуы үшін заманның талабына сай өзгерістерге бейміделе білу-қажетті фактор. Қазіргі тәуелсіздік осыны аңғаруға деген сананы берген секілді. Қазіргі заман- ақпарат пен білімнің заманы. Қазақстанның ұлттық санасы осы фактті меңгере келе, практикалық тұрғыда да қолданысқа енгізіп келеді. Қазіргі тәуелсіздік алған заманда екінің бірі оқыған, санасы дамығандығы шындық. Сол себепті Қазақстан заманға сай әрекет етуде. Ал бұл тәуелсіздігіміздің мәңгілік болуына кепілдік.

Ең бастысы әрбір қазақ өзінің тарихын, Ата заңын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын және ең бастысы тілін ұмытпай, заманның жаңарған талаптарын қабылдай келе, тек ілгері жылжыса тәуелсіздігіміз мәңгі болмақ. Менің ойымша, осы әрекеттерді жүзеге асыра келе, біз бүгінгіден де еселеп жаңғырамыз.

 

Омарбек Айжан