Тәуелсіздік-бүтін бір елдің ынтымақ-бірлігі, еркіндігі

09.12.2021

Көрулер: 1644

Тәуелсіздік деген мен үшін өзіңнің елтаңбаң, туың, ана тілің болу ғана емес. Тәуелсіздік-бүтін бір елдің ынтымақ-бірлігі, еркіндігі. Тәуелсіздік алғанымызға да 30 жылдың жүзі болды. Осы 30 жыл ішінде Қазақстан және оның халқы айтарлықтай жетістіктерге жете білді. Әлеуметтік, саяси, қоғамдық, рухани, мәдени жағынан болсын еліміз өз еншісін алып, әлем тарихы сахнасында өзіндік беделге, мәртебеге ие болып, әлі күнге дейін дамып келеді.

Тәуелсіздік ең алдымен қазақ халқына бейбіт, тыныш өмір берді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қаржы жетіспеушілігі болып, біраз дағдарысқа ұшырағаны рас. Дегенмен, уақыт өте келе еліміздің әлеуеті жақсарып, халқымыз да тыныш өмірге қол жеткізді.

Екіншіден, тәуелсіздік жастардың дамуына, білім алуына жол ашты. 1994 жылы Елбасының қолдауымен “Болашақ” бағдарламасы ұсынылып, арнайы шәкіртақы тағайындалды. Егер тәуелсіз ел болмағанда, сапалы білім алуға мүмкіндік болмайтыны сөзсіз. Мемлекет тарапынан жастарға қолдау көрсетіліп, шет елдерде білім алып, білікті маман даярлау жүзеге асырылды.

Үшіншіден, өз ұлтымыздың құндылықтарын жандандыру, жаңғырту қолға алынды. Тәуелсіздікке дейін Ресейге және оның саясатына бағынышты болдық. Алайда, қазіргі таңда ана тіліміздің маңызы мен ұлттық мәні насихатталып келе жатыр. Бұл-ұлттық жеңіс, ұлттық жетістік. Ана тіліміз бен тарихымыздың дәріптелуі, жан-жақты зерттелуі, бүгінгі жастарға еркін түрде насихатталуы - тәуелсіздіктің бір үлкен жеңісі.

Қорыта айтқанда, тәуелсіздік қашан да қымбат. Себебі, егемендіктің елге, ұлтқа берер жақұты, берер асылы көп деп санаймын. Халықтың қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда емін-еркін өз жерінде, өз елінде жүргеніне ештеңе жетпейтіні даусыз.

                                                                                                                                                                  Шалқарова Айдана