Тәуелсіздіктің бізге берген сыйын ұмытпаймыз

09.12.2021

Көрулер: 1353

Мен дүниеге келген уақытта таршылық деген аса қатты болмаған. Азық-түліктің мол, жұмыстың бар кезі. Жұмыс жасаймын деген адамның екі қолына бір күрек оңай табылатын. Қазіргі құнсыз ақшамыз ол кезде құнды болатын. Мектептен қайтып келе жатып отыз теңгеге балмұздақ алып жейтін едік. Елу теңгеге сусын алатынбыз. Ал қазір бұл тиындарды қосып бір балмұздақ ала алмаймыз. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 2000 – 2009 жылдар мен 2010 нан басталатын жылдардың арасы жер мен көктей. Әке, аналарымыздың заманында алыстағы ағайынға телеграммамен хат жазатын. Ол барғанша апталап, айлап күтетін. Ал қазір қалай? Қазір телефон қолымызда. Қалаған уақытта хабарласып, қалаған уақытта жаза аламыз. Кейде заман өзгерді, техника дамыды деп бір-біріміздің қадірімізді түсінуден қалып бара жатқандаймыз. Бұл өз көзқарасыммен. Телефон дегеннің не екенін білмейтін, доп қуалап, көше кезген бала күндерімді сағынып кетемін. Ештеңені ойламайтын, алаңсыз, бейқам күндер еді ғой. Бүгінде таңымыз телефонмен атып, кешіміз телефонмен батады. Ол болмаса ауа жетпейтіндей. Еліміз дамып, дамыған елдердің қатарына енгеніміз жақсы. Дегенмен сол нәрсені халық игілігі үшін пайдаланғанымыз жөн.

Тәуелсіздіктің бізге берген сыйын ұмытпаймыз. Бірақ таяқтың екі ұшы болады. Жоқ кезінде аңсаған дүниенің бар кезінде қадірін білмей жатамыз. Менің айтқым келгені тәуелсіздік сыйлаған «тәуелсіз» күндерімізді қадірлейік. Барға қанағат, жоққа сабыр етуді үйренейік!

 

Журналистика факультетінің 3-курс студенті

Дүйсенғали Аңсат