"Тәуелсіздік бізге не берді?"

09.12.2021

Көрулер: 1613

Біздің тіліміз қазақша шығып, кішкентайдан иісі қазақтың құндылығын бойға сіңіріп өстік. Бүлдіршін шағымның естеліктерін шолып өтсем, оған көзім жете түседі. Кеңестік дәуірде туып, сәйкесінше орыс тілінде білім алып, орысша ортада өскен ата-анам ендігі ұрпақтың жөні бөлек екенін ұққандай мені қазақ балабақшасына берген. Балабақшада жүргенде тәрбиеші апай қазақша тақпақ жаттатып, ән үйрететін, спектакльдерді де ана тілімізде қоятын едік. Ол менің кішкене ғана жүрегіме елжандылықты, ұлттық болмысымыздағы асыл қасиеттерді тіл құдіреті арқылы дарытқан ұя болды. "Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш" деп Хәлел Досмұхамедұлы айтқандай, өсе келе өз тіліміздің қадір-қасиетін ұғынып, өзге тілдерді де меңгердік. Міне, Тәуелсіздікпен бірге келген әуелгі игілік осы – қазақ тілінің мәртебесі. Себебі 16 желтоқсан ел еңсесін тіктеген күн ғана емес, тіл тұғырын биіктеткен күн болды.

Екіншіден, ұлттық кодымыздың мән-маңызын ұғындық. Көп елдің төрінде көк тудың желбіреуі, әнұранымыз әуелеп, барша қазақстандықты қуаттандыруы осыған дәлел-ақ. Қазақтың "біздің рәміз", "біздің валюта", "біздің заң" деп өз мемлекетінің ризығына шаттануы, ешкімнен именбей, мақтана, марқая жүруінің өзі талай жыл арман болған-ды.

Үшіншіден, Тәуелсіздіктің арқасында уақыт талабына сай белсенді, бәсекеге қабілетті, ізденімпаз жастар болып бүгінгінің тұтқасын ұстауымызға жағдай жасалды. Яғни, Қазақстан басқа елдермен терезесі тең мемлекет екенін, қаз тұрған сәбидей бәрін басынан бастаса да, дәлелдей алды. Жаһандануға жол ашылғаннан-ақ тамырынан қол үзіп қалмаудың қамын ойлап, "Рухани жаңғыру", "Мәдени мұра" сынды бағдарламаларды іске асыруға ұмтылды. Бұл – халық пен мемлекет бірігіп атқарған ерен еңбектің, орасан өзгерістердің, кемел болашаққа бастайтын нық қадамдардың айғағы іспетті.

Еліміз еркіндікке жету үшін талай нәубетті күндерді бастан өткергені тарихта қалды. Жылдар бойы теперіш көріп келген халықтың жігері құм болмай, айбыны мұқалмай азаттық жолында ілгері баса бергені оның ұлттық мінезінің қайсар, рухының биік екенін көрсетеді. Біз сол толассыз күрестердің нәтижесінде Тәуелсіздік алдық дейміз. Бірақ, менің ойымша, біз 1991 жылы Тәуелсіздікті "алған" жоқпыз, Тәуелсіздік бізге келді. Әуелден халықтың өзіне тиесілі азаттық қайта оралды. Олай дейтінім, қазақтың бостандығының қазаққа қайта келуі тағдырдың тартуы ғана емес, сұрапыл сынсағаттардың, алапат арпалыстардың, тарихтың жон терісін сыпырған төңкерістер мен зар илеткен заманның зұлмат күндерінің көрінісін көз алдыңа әкелетін ұлы жеңіс.

Ақын Қалқаман Сарин "Тәуелсіздік" деген өлеңінде: "...Саған жету қиын болса қаншалық, сақтап тұру қиынырақ одан да!" дейді. Расында, Тәуелсіздікке қол жеткізген соң оның баянды болуы үшін барымызды салуымыз керек. Демек, Қазақстанды көркейтуге, кемел ел болуға, әлбетте, менің де септігім тиюге тиіс. Ал осы аз ғана ғұмырымда елімнің болашағы үшін мен не істедім?

"Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын" демекші, ол үшін қолымнан келгеннің бәрін істеуге мен бала күнімнен-ақ бекіндім. Мектеп кезінде жазған бір өлеңімде:

 

"Марқұм Қайрат, Ербол, Ләззат құрбандар –

Елдігімнің жалауы боп тұрғандар.

Кенжегүл мен Сәбирадай қыздарды

Өлеңіме арқау еттім, тыңдаңдар!

 

Тәуелсіздік қайта оралды түбінде,

Көктегі Күн, шуағың шаш, күлімде!

Қан қақсатқан қазағымды қасірет

Қалсын енді «Желтоқсанның» жүгінде.

 

Елім менің – азаттықтың белгісі,

Аза тұнған, наза тұнған шерлі іші.

Елім менің – дархан дала мәңгілік,

Сол даланың еркін ұшқан мен – құсы", – деген едім. Бұл жүрекжарды үш шумақта Тәуелсіз Отаныма деген риясыз сүйіспеншілігім һәм мақтанышым жатыр.

Мен осылайша өз шығармашылық жолыммен алға жүріп келе жатқанда Қазақстан өркениетті, дамыған елдердің қатарына қосылуға адымдап барады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында: "Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс" деген еді. Яғни, жаңашылдық пен тың идеялардың уақыты келді. Президент сөзіндегі "жаңа сапаны" жасаушы, "жаңа бағдарды" ұсынушы, қоғамдық механизмнің негізгі қозғаушы күші – біз, жастар. Бір ғасыр бұрын қазақ жастары бодандық шынжырынан шығуды мақсат етсе, ендігі біздің мақсат – бостандықтың шын бағасын ұғынып, Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін абыройлы іс атқару.

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Журналистика факультетінің 3-курс студенті

Аянқызы Анель