«Кітап оқу – өсу баспалдағы»
Көрулер: 1257
Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының оқытушы-профессорлары: Қожахан Айгүл Кәріпжанқызы, Дәрібаев Жұманәлі Еркінбекұлы, Құтжан Асқан Нұртайқызы және Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі мамандығының 3-курс студенттерінің ұйымдастыруымен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Сәукетай Тұрысбекпен кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты: Еліміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламы қарымды қаламгерлеріміздің шығармаларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын арттыру.
Сәукетай Тұрысбек шығармашылық жолын өлеңмен бастаған. Көптеген әңгіме-повестер: «Сүткенже» («Последыш»), «Айлы түн еді» («Была лунная ночь»), «Қайыңдар, аппақ қайыңдар» («Березы, мои березы»), «Көлеңкелер патшалығы» («Царство теней») мен «Айқараңғысы» («Межлунье»), «Желқайық» («Парусник»), «Эпилог», «Қызылбалақтың қазасы» («Гибель красноногого орла»), «Мен - жындымын» («Я - сумашедший») романдарының авторы. Аударма саласында өнімді еңбек етіп келеді. Екі жүзден астам киносценарий, Ги де Мопассанның, Амброз Бирстің новеллалары, Голдо Мейердің «Менің өмірім» кітабын тәржімалаған.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. «Жалын» журналының әдеби байқауы, «Қазақ хандығы -550» байқауының жүлдегері. 2017 жылы «Мен– жындымын» романы Жылдың үздік кітабы болып танылды. «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (1999). 2022 жылы “Желқайық” романы үшін Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.
Кездесуді ұйымдастырушы 3 курс студенттері Асқарбек Әнел, Кесик Дидар, Мынжасов Даулет, Қайыртаева Айкөркем, Тынымқұл Аружан 580 беттен тұратын «Желқайық» романын оқып шығып, жазушыға роман желісі бойынша туындаған сұрақтарын қойды. Факультеттің басқа да қатысушы студенттері мен магистранттары жазушы шығармаларына қызығушылық танытты.
Сөз кезегі Тұрысбек мырзаға берілгенде, ол кісі кездесуге шақырғанымызға жүрекжарды ризашылығын білдіріп, ұйымдастырушы студенттердің сауатты, мәнерлі және көркем сөз саптауларына қарап география факультетінің студенттері журналистика студенттерінен артық болмаса еш кем түспейтітін баса айтты. ҚазҰУдің түлегі екенін атап өтті. Қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Кафедра атынан қонаққа арнайы сыйлық табыс етілді. Т.Сәукетай өзінің бірнеше кітабын қолтаңба қалдырып, студенттерге сыйлады. Кездесу өте қызықты да әсерлі өтті.






