«ДЕНСАУЛЫҚ» СПАРТАКИАДАСЫ

06.01.2020

Көрулер: 2334

ҚазҰУ-да жыл сайын жаңа жылдың алғашқы апталарында «Парасат» кәсіподағы қызметкерлерінің және ҚазҰУ-дың спортклубының ұйымдастыруымен оқытушы-профессорлар құрамының, қызметкерлердің және докторанттардың денсаулықтарын шынықтыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Денсаулық» спартакиадасы өтеді. 

Университет ішіндегі спорт жарыстары еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орнында биыл 48-ші рет өткізіліп отыр. Бағдарламада спорттың жеті түрі бар. Олар: бадминтон, шахмат, үстел теннисі, ерлер мен әйелдер арасындағы волейбол, мини-футбол және тоғызқұмалақ. Спартакиаданың алдында үлкен ұйымдастырушылық жұмыс жүргізілді. Оқу жылының басынан бастап факультеттерде командалар құрылып, арнайы дайындық өтті. Жарысқа факультет және бөлімшелерден іріктелген 20 құрама команда (жалпы саны 764 адам) қатысты.

Спартакиада профессор-оқытушылар құрамы, докторанттары мен қызметкерлер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Сайыс сергектік пен денсаулықтың жақсы зарядын алуға көмектесті, қатысушылардың эмоционалдық және физикалық тонусын арттырды. Жарыстың жеті түрінен жеңімпаз командалар кәсіподақ атынан грамоталар және сыйлықтармен марапатталды.

Мини-футболдан «Үздік қорғаушы» атағына Ақпараттық технологиялар және даму институты директорының міндетін атқарушы Ерлан Қыстаубаев танылды.