МАҚСАТ – ӘЛЕМНІҢ ТОП 100 ҮЗДІК ЖОО КІРУ

11.11.2020

Көрулер: 4272

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми кеңесінің отырысында жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын коммерциялық емес акционерлік қоғамдастыққа көшу жағдайында университеттің 2025 жылға дейінгі стратегиялық дамуының жаңа бағдарламасы кеңінен талқыланды. Бағдарламаның стратегиялық мақсаты – ҚазҰУ-ды зерттеу университетіне айналдыру және жаһандық рейтингте әлемнің үздік 100 жоғары оқу орнына кіру.

Еліміздің жетекші университетінде алдағы бес жылға арналған даму стратегиясы сарапшыларды тарта отырып, ұжымда қызу талқылануда. Жиында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов атап өткендей, жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру университеттің жан-жақты қызметінде жаңа тұжырымдамалық тәсілдерді талап етеді. Осыған байланысты коммерциялық емес акционерлік қоғам нысанының нарықтық экономика субъектісі ретіндегі артықшылықтары толық көлемде пайдаланылуға тиіс. Білім беру бағдарламаларының траекторияларын қалыптастыру, мүлік пен қаржы активтерін басқару еркіндігі жаһандану жағдайында және жоғары бәсекелестік жағдайында университеттің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Стратегиялық жоспарда озық IT-технологияларды қолдануға және инклюзивті білім беруді қоса алғанда, қызмет алушылардың нысаналы топтарын кеңейтуге негізделген жаңа білім беру технологияларын енгізу есебінен білім беру қызметтерін әртараптандыру көзделген. Халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, құзыреттілігі жоғары білікті мамандарды даярлау ЖОО қызметінің басым бағыты болып қала береді. Академиялық ұтқырлықтың кеңеюі және әлемнің жетекші университеттерімен қос диплом бағдарламасы жаңа серпін алады.

Сондай-ақ ЖОО цифрландырудың негізгі құрамдас бөліктері айқындалды. Олар қызметті автоматтандыруға бұлыңғыр технологияларды енгізу, smart-технологиялар және кампус инфрақұрылымын басқарудағы Big Data, сондай-ақ ІТ-қызметтер аутсорсингін дамыту. ҚазҰУ-да жұмыс істейтін әлемдік деңгейдегі жоғары технологиялық компаниялардың ғылыми-білім беру орталықтарының жұмысы мамандарды даярлауға ғана емес, сондай-ақ бірлескен өнімдерді әзірлеуге және оларды коммерцияландыруға бағытталатын болады.

Даму стратегиясы шеңберінде білім беруді одан әрі интернационалдандыру және әлемнің 12 елінде жұмыс істеп тұрған әл-Фарабидің жаңа ғылыми-білім беру орталықтары базасында яғни, шетелдерде университет бөлімдерін ашу бойынша алда үлкен жұмыстар тұр. Бұл білім беру қызметтерінің экспортын кеңейтуге мүмкіндік береді, ал әл-Фараби орталықтары «жұмсақ күш» құралы ретінде Қазақстан елінің әлемдегі мәдени ықпалын күшейтуге және мүдделерін ілгерілетуге ықпал ететін болады. Сондай-ақ ЖОО-ның зерттеу қызметіне шетелдік жетекші ғалымдарды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, сондай-ақ шетелдік білім алушылар санын 25% - ға дейін ұлғайтуға назар аударылатын болады.

Бағдарламаның маңызды бөлімі инновациялық инфрақұрылымды дамытуға әлемдік деңгейдегі университеттік кампус құру, инвестициялар, оның ішінде шетелдік инвестициялар тарту жөніндегі шаралар кешені болып табылады. ҚазҰУ қалашығын дамытудың үшінші кезегін іске асыру аясында жоғары оқу орнының барлық ғимараттары мен құрылыстарының жалпы алаңының 50%-ын ұлғайту көзделіп отыр. 1250 орындық жайлылығы жоғары жаңа жатақхана, медиа-орталық, әлеуметтік және оқу-өндірістік мақсаттағы ғимараттар пайдалануға беріледі.

ҚазҰУ-ды әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру шеңберінде білім, ғылым және өндірісті интеграциялау және ғылыми әзірлемелердің нәтижелерін экономиканың нақты секторына енгізудің маңызды міндеті тұр. Осыған байланысты ғылым мен инновацияларды басқарудың жаңа тиімді моделі, елдің инновациялық экономикасының өсу діңгегі болуға арналған әл-Фараби ғылыми-технологиялық алқабын (ҒТА) құру жөніндегі ауқымды жоба іске асырылатын болады. Бұл жоба Елбасы Н.Назарбаевтың мақұлдауына ие болды және оны ел Президенті Қ.Тоқаев қолдады.

ҚазҰУ кампусының аумағында әлемнің 150-ден астам жетекші жоғары оқу орындарын біріктіретін «Жаңа Жібек жолы университеттері Альянсының» халықаралық IT-кластерін іске қосу алғашқы қадам болмақ. Оның өзегі өнімділігі бойынша әлемдегі үздік 500-ге кіретін суперкомпьютер болады.

ҒТА-ның маңызды құрамдас бөліктерінің бірі медициналық-биологиялық кластер болмақ. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде 800 төсек-орынға арналған заманауи емхана мен зерттеу зертханасын салу жоспарлануда. Жетекші шетелдік университеттермен және серіктес клиникалармен бірлесіп, жоғары білікті медицина кадрларын даярлау, зерттеу жобаларын іске асыру, медициналық технологиялар трансферті және инновацияларды енгізу жүзеге асырылатын болады. Бұдан басқа, ҒТА-да нанотехнологиялар мен жаңа материалдар, ядролық, ғарыштық және телекоммуникациялық технологиялар, робототехника, пәнаралық гуманитарлық зерттеулер сияқты ғылыми бағыттарды біріктіретін инновациялық кластер дамитын болады.

Университеттің жоғары технологиялық құрамдас бөлігін дамытумен қатар бағдарлама жоғары жалпыадамзаттық рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде елдің патриоттары және әлем азаматтары ретінде бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастыруға бағытталған рухани-адамгершілік тұғырнамасын күшейтуді көздейді. Бұл бағыттағы жұмыс ҚазҰУ-дың Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде көрсетіліп, халықаралық деңгейде кеңінен тарату үшін ұсынылған «Университет 4.0» жаңа буын ЖОО-ның даму моделі негізінде құрылатын болады. ҚазҰУ жаһандық әлем жағдайында жастардың гуманистік құндылықтарын, патриотизмін, азаматтығы мен көшбасшылығын нығайту жөніндегі жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады. Университеттің әлеуметтік жауапкершілік тәжірибесі кеңейтіліп, тұрақты даму мақсаттарына бағытталады.

Университеттің даму стратегиясын қалыптастыруға үлкен мән беріледі, бұл ашық процесте корпоративтік рух пен бірлік көрсеткен оқытушылар, ғалымдар, қызметкерлер мен студенттер белсенділік танытып, өз ұсыныстарын енгізуде. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ елдің әлеуметтік-экономикалық және рухани жаңғыртудың драйвері болуға және әлемнің үздік-100 жоғары оқу орындарының қатарына кіруге бел буып отыр. Жаңа стратегия мен КЕАҚ-қа көшу ЖОО миссиясы мен қызметіндегі тәсілдерді қайта қарауды талап етеді, онсыз сапалы даму мен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға қол жеткізу мүмкін емес деген нақты түсінік бар.