Қоғам мен мемлекетті байланыстырушы – Ұлттық құрылтай

 

Биыл Ұлыстың ұлы күні қарсаңында 15-16 наурыз аралығында үшінші рет Ұлттық құрылтай өтуде. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарады. Ал құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады. Сондықтан құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды. 

 

Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда өтті. Биыл тағы бір тарихи өлке – Атырау өңірінде өтуде. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. 

 

Құрылтайдың мақсаты ретінде мына мәселелер аталған: қоғамдық бірлікті күшейту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету және нығайту бойынша ұсыныстарды тұжырымдау және енгізу, жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету.

 

Үшінші Ұлттық құрылтайдың «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият» тақырыптарындағы жұмыс секцияларынан тұратынын естен шығармаған жөн.

 

«Ұлттық құрылтай қоғам мен мемлекет арасында тиімді диалог алаңына айналды» деп Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өз Telegram парақшасында жазып өтті. Онда Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы шеңберіндегі жұмыс секцияларының мәслихаттарына тоқталған. «Секцияларда айтылған ұсыныстардың басым бөлігі қоғам бірлігін одан әрі нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге, елдің ғылыми әлеуетін көтеруге бағытталған» - дейді.


 

Жалпы алғанда, төрт секцияның жұмысында Ұлттық құрылтайдың 70-ке жуық мүшесі сөз сөйлеп, 100-ден аса ұсыныс пен бастама көтерілді. Секцияларда айтылған ұсыныстардың басым бөлігі қоғам бірлігін одан әрі нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге, елдің ғылыми әлеуетін көтеруге, мәдениет саласын қолдауға, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға, көші-қон мәселесін реттеуге және қоғамдағы өзге де өзекті мәселелерге қатысты жасалды. Ұлттық құрылтай мүшелерінің мұндай белсенді қызметі аталған азаматтық институттың қоғам мен мемлекет арасында тиімді диалог алаңына айналғанын көрсетеді.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Атырауда Ұлттық құрылтай қарсаңында төрт бағытты қамтитын секциялық жиындар өтті. https://qazaqstan.tv/news/190621/  

2. Ұлттық құрылтай: Қазақстан Елтаңбасы өзгереді.  https://mezgil.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=1&id=5234  

3. Атырауда Ұлттық құрылтай жиынының бірінші күні басталды. https://aqmeshit-zhastary.kz/zhangalyqtar/atyrawda-ulttyq-quryltaj-zhiynynyng-birinshi-kueni-bastaldy-73647/ 

4. Ежелгі Сарайшықтың құпиясы немесе Атырау қаласындағы құрылтайда не талқыланды. https://ulysmedia.kz/analitika/28261-zagadka-drevnego-saraishika-ili-chto-obsuzhdali-na-kurultae-v-atyrau/  

 

 


 

Басылым күні :  17.03.2024