«Таңсұлу» спектаклі

21 қазан күні Әуезов театрында Ұлттық Ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есімнің прозалық шығармасы негізінде әзірленген драма «Таңсұлу» спектаклін тамашаладық. Ел басына күн туған сәтте тұтқынға түскен ару, махаббатына адал болып, ұрпағын аман сақтауды көздейді. Ұлын бабалар рухында тәрбиелеп, халқымыздың қамын ойлайды. Таңсұлу – тарихта болған батыр әйел. Бұл аңызда қыз баланың ерлігі туралы айтылды. Оның тағдыры көпті толғандырды, ой салды деп ойлаймыз.  Таңсұлудың ары мен жары үшін жасаған қадамы, бір жағы елдің намысы үшін жасаған әрекеті таңқаларлықтай, мәңгілік тарихтың сирек оқиғасы. Пьесада табиғаттың тылсым құбылысы да бар екен. Ғылым қанша қарыштаса да, адам баласының ақылы жетпейтін аян беру мен түс көру құпиясының түбіне жеткен ешкім жоқ. Болжамдар ғана бар. Таңсұлу атты қазақтың бір сұлуы өзінің қасірет шектірген тағдырын он жасында түсінде көріп, қатты шошынды. Сахнада тірілген аңыз осы жерден бастау алады. Бір жағынан Таңсұлудың жасаған ісі – Ұлы даланың жазылмаған заңы – тектілік пен намыстың нышаны десе де болады. Басты кейіпкер – Таңсұлу арқылы қазақ қызының өр мінезі мен намысын сезінгендей болдық. Басқаша айтсақ, пьесада «ұлттық код» сақталған. Бұл дегеніміз – туған тіл, салт-дәстүр, ұлт тарихы. Сол сияқты, спектакльде қазақ пен қалмақ халықтарының тарихи қарым-қатынастары да көрсетілген. Театр сахнасында ерлікке толы ұлы өмірлер, патриоттық — отаншылдық сезімдер, жанқиярлық ерен еңбектер жан-жақты жырланатын қойылымдармен қатар, халқымыздың рухани асыл армандары мен мұң-мұқтаж, талап-тілегін бейнелейтін тарихи-эпостық тақырыптағы шығармалар да көп қойылады. Театрға барып, осындай қойылымдарды тамашалау арқылы рухани байып, демалып, аларымыздың, білеріміздің көп екенін білдік.

Басылым күні :  18.02.2019