Кафедраның тарихы

 

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТ ТЕОРИЯСЫ КАФЕДРАСЫ

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы 2011 жылы маусым айында қазақ әдебиеті кафедрасы мен әдебиет теориясы және фольклористикасы кафедралары негізінде құрылды.

Кафедра оқу және тәлімдік үдеріс, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатымен құрылып, «6В01701 – Қазақ тілі мен әдебиеті», «6В02305 – Қазақ филологиясы», «6В02306 – Әдебиеттану», «7М02313 – Қазақ филологиясы», «7М02309 – Әдебиеттану», «7М01701 – Қазақ тілі мен әдебиеті», «8D02307 – Қазақ филологиясы», «8D02304 – Әдебиеттану» мамандықтарын «Қазақ әдебиеті», «Әдебиет теориясы», «Фольклористика» деңгейінде қамтыды. Оның құрылуы негізінде қазақ әдебиетінің тарихы, әдебиет сыны, әдебиет теориясы мен фольклордың ортақ методологиялық негіздері көркем әдебиет пен халық ауыз әдебиеті және ғылыми пәндердің дамуы жүйелі-кешенді оқытудың типологиялық, құрылымдық принциптері қарастырылады.

Қазақ әдебиеті кафедрасы 1940 жылы құрылған. Оны ұйымдастыру мен қалыптастыруда қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы М.О. Әуезовтің сіңірген еңбегі шексіз.

Кафедраның тұңғыш меңгерушісі филология ғылымдарының докторы, профессор Б.К. Кенжебаев болды. Қазақ әдебиеті тарихының жалпы курсын қалыптастыруда әдебиеттану ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан ғалым мен мәдениеттің көрнекті қайраткерлері: академик Ә.Х. Марғұлан, профессор Т. Нұртазин, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, профессор Е.С. Ысмайылов, профессор М. Ғабдуллиндер еңбектенді. Олар әртүрлі кезеңдерде қазақ әдебиеті кафедрасының мүшелері болған. Кафедраның оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу жұмыстарына үлкен үлес қосқан академик Р. Нұрғалиді ерекше атауға болады.

Кафедра ұстаздары филология және әлем тілдері, журналистика, факультеттерінің бакалавриаты, магистратура мен PhD докторантураға арнап «Әдебиет теориясы», «Фольклортану», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Сын тарихы», «Риторика» – салалары бойынша жалпы курстар мен жүздеген арнаулы курстарда лекциялар оқып, практикалық сабақтар жүргізеді.

Кафедра өз тарихында екі мәрте құрылымдық өзгерістерге ұшырап, екі кафедраға бөлінді. 1990 жылы қазақ әдебиеті және қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны, 2000 жылы қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы (2005 жылдан бастап әдебиет теориясы және фольклористика кафедрасы) кафедраларына бөлінді. 1975-2000 жылдар аралығында қазақ әдебиеті кафедрасын ұлттық ғылым академиясының академигі З. Қабдолов басқарды. 1992-2000 жылдар аралығында қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны кафедрасына профессор Т. Кәкішұлы меңгеруші болды. Әдебиет теориясы және фольклористика кафедрасын 2000-2010 жылдарының аралығында профессор Б.Қ. Майтанов, 2010-2011 жылдары профессор А.Б. Темірболат басқарды.

1940 жылдан бастап 2009 жылға дейін кафедра меңгерушісі болып төмендегі ғылыми-педагогтар қызмет атқарды: доцент М. Сармурзина, профессор Б. Шалабаев, профессор Б. Кенжебаев, профессор Ж. Дәдебаев, профессор З.-Ғ. Бисенғали.

 

2009 жылдың маусым айынан 2012 жылдын тамыз айына дейін кафедра меңгерушісі профессор Ө. Әбдиманұлы болды. 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап кафедра меңгерушісі – филология ғылымдарының докторы, профессор А.Б. Темірболат.

Бүгінгі таңда кафедра Университеттің страгетиялық даму бағыттарына орай 2000 жылы негізі қаланған әдебиет териясы және фольклористика кафедрасымен біріктіріліп, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы деген жаңа атқа ие болды. Кафедрада 7 ғылым докторы, 14 ғылым кандидаты, 1 PhD, 5 аға оқытушы, 5 оқытушы қызмет істейді.

Бүгінгі жаңа ұжымға негіз болған кафедралар 2000 жылдан бастап кафедра қоғамдық санадағы түбегейлі өзгерістерге және жаңашыл әдеби-тарихи деректерге, әлемдік әдебиеттану ғылымының қол жеткізген табыстарына орай әдебиет тарихын мен теориясын оқытудың жаңа жүйесін қалыптастыра бастады. Басшылыққа алған негізгі ұстаным тарихи деректер мен көркемдік дамудың ішкі және сыртқы күштерін ұлттық менталитетке сай мәдениет пен әдебиеттегі заңдылықтарға орай қалыптастыру болып табылады.