Оқу және ғылыми зерттеулерге арналған стипендиялық бағдарламалар бойынша өтініш қабылдау басталды

05.06.2021

Көрулер: 2223

ҚР БҒМ Болон үдерісі және академиялық ұтқырлық орталығы шетелдік студенттер, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуға арналған стипендиялық бағдарламаларды іске қосты.

2021 жылы бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде оқыту көзделген. Өтініштерді қабылдау 7 маусымнан шілденің 20-на дейін жүзеге асырылады. Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлер онлайн-режимде өтініш толтырып, қажетті құжаттарды ұсынуы керек.       

Бағдарлама туралы толық ақпарат www.enic-kazakhstan.kz сайтында. Оған тегін оқыту, білім алушының академиялық жетістіктеріне байланысты ай сайынғы шәкіртақы кіреді.

Бұдан бөлек, ғалымдарға арналған Польша Республикасының «Pasific» стипендиялық бағдарламасы және ҚР азаматтары үшін магистратурада оқуға арналған Стефан Банах атындағы стипендиялық бағдарламасы шеңберінде байқаулар өтеді.        

Түрлі ғылым саласындағы Қазақстан ғалымдары Польша ғылым академиясының институттарында екі жылдық зерттеу тағылымдамасынан өтуге өтініш бере алады. Іріктеуден өткен ғалымдар ай сайын 2500 еуро көлемінде шәкіртақы алады. Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлер онлайн режімде өтінімді толтырып, қажетті құжаттарды ұсыну қажет.

Өтінімдер мен құжаттарды қабылдау уақыты – 2021 жылдың 30 маусымына дейін. Бағдарлама туралы толық ақпаратпен https://pasific.pan.pl/call-1/ сайтынан танысуға болады.  

Ал Стефан Банах атындағы стипендиялық бағдарлама инженерлік, техникалық, жаратылыстану, ауылшаруашылық, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласында Польша университеттерінде магистратура бағдарламалары бойынша оқуға мүмкіндік береді. Оқыту тілдері – поляк, ағылшын.      

Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлер онлайн режімде өтініш толтыру керек және қажетті құжаттарды ұсыну қажет.

Өтінімдер мен құжаттарды қабылдау 2021 жылдың 21 маусымында аяқталады.

Бағдарлама туралы толық ақпарат https://nawa.gov.p1/en/students/foregn-students/the-banach-scholarship-programme сайтында.