әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің заң факультеті
Заңтану – бүгінгі таңда классикалық университеттік білім беру құрылымының ажырамас бөлігі. Заң ғылымдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің қабырғаларында беделді орынға ие.
Өзінің 55 жылдық тарихында факультет 25 мыңға жуық құқық саласындағы мамандарды: сот, прокуратура, ішкі істер органдары мен мемлекеттік қауіпсіздіктің жоғары білікті жауапты қызметкерлерін, нотариустарды, адвокаттарды, заңгерлерді дайындап шығарды. Заң факультеті республикамызда заң мамандарын дайындаудағы жетекші орталық болып табылады.
Факультеттің бастапқы кезінде Қазақстандағы заң ғылымдарының дамуына үлкен үлес қосқан атақты заңгер-ғалымдар болған. Олардың қатарларында проф. Т.М. Культелеев, С.З. Зиманов, К.А. Абжанов, Ю.Г. Басин, К.С. Ургеншбаев, А.Н. Таукелев, С.Н. Савицкий, А.М. Агушевич, К.А. Шойбеков, А.А. Филимонова, Б.Б. Базарбаев, Г.Ф. Поленов, Б.Д. Бектебаев, М.Н. Сыздыков, С.С. Сартаев, Ш.М. Мажитов, А.Ж. Жакипова. Н.Б. Мухитдинов, К.Х. Халиков, К.Ф. Котов, К.А. Шайбеков, С.Б. Байсалов, В.А. Ким, К.А. Бегалиев, М.А. Сарсембаев, Е.Г. Джакишевтар бар.
Заң факультетінің ғылыми беделі оның жоғары білікті ғылыми кадрларды дайындауда қосқан айтарлықтай үлесімен айқындалады. Құқық саласындағы көптеген мамандықтар бойынша докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғауға арналған екі диссертациялық кеңес тұрақты жұмыс істейді.
Ғылыми кадрлардың дайындығы магистратура, аспирантура және PhD докторантурасы арқылы жүргізіледі.
Ғалымдардың ғылыми зерттеулері заң ғылымдарының теориясы мен тәжірибесі сұраныстарының даму қажеттілігімен айқындалған. Заң факультетінің қазіргі кездегі құрылымы, оның профессорлық-оқытушылық құрамының қалыптасуы, ғылыми потенциалының құрылуы бірнеше кезеңдерден өтті.
Заң факультетінің дамуының барлық кезеңдерінде оның қызметі Қазақстанның қоғамдық өмірімен, еліміздің экономикасының қажеттілігімен, құқық саласындағы жоғары білікті ғылыми, тәжірибелі кадрлармен қанағаттандыруымен тығыз байланыста болғанын айта кеткен жөн.