«Кереметте» керемет дүкен ашылды

11.03.2016

Көрулер: 5106

Алматы қаласының 1000 жылдығына орай және «1000 қайырымды іс» жобасы аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында әлеуметтік (СҚКО) дүкеннің ашылу салтанаты өтті. ҚазҰУ-дағы «Керемет» СҚКО – әлем кеңістігінде теңдесі жоқ университет көлемінде қызмет ететін сервистік орталық. Бұндай орталықтың ашылуына ұлы ойшыл Әл-Фараби бабамыздың бақытқа жету жолында бір-біріне қол ұшын беретін «Қайырымды қала тұрғындары» атты тұжырымдамасы себепкер болған. Тұжырымдама елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың қоғамдағы берекені сақтау идеясына негіз болып, университетіміздің әрекет етудегі басты ұстанымына айналып отыр.

Бүгінгі таңда «Керемет» СҚКО – ұжымдық көмек көрсету негізінде, жоғары этикалық стандарттар мен әлеуметтік жауапкершілікті арттыруда, сапалы әлеуметтік маңызы бар қызметті өсіруде өзіндік ерекшелігі бар «қайырымды үй». 7500 шаршы метрден құралған ғимаратта бір мезгілде білім-ғылым, медициналық, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени-демалу қызметтерінің 500 түрін бір ортадан ұсына алады. Әлеуметтік дүкеннің ашылуы аталмыш жобаның жалғасы іспеттес, сонымен қатар студенттерге қаржылық қиындықтар кезінде университет тарапынан қолдау көрсетуде әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға негіз болады. Студенттерге қызмет көрсетуде тұтынушыларға арналған азық-түлік жиынтық себеті ұсынылады. Студенттер қаржысын ғана үнемдемей, ғимаратта орналасқан кір жуу, медициналық көмек көрсету, дәріхана, етікші, тігінші, сұлулық салоны және фотостудия қызметтерін пайдаланушылардың уақытына да үнемділік жасайды.

«Біз, студенттер қалашығында күнделікті өмірге қажетті қызметтердің түрлерін бір ғимаратқа тоғыстырған және барлығын бір мезетте қолдануға мүмкіндік жасайтын орталық бар екеніне ризамыз. Және біз кідіріссіз кез келген оқу анықтамалығын алып, оқу ақысын төлеп, өзге де салалар бойынша мамандардан кеңес алып немесе әлеуметтік сервистегі өзге қызмет түрлерін қолдануға мүмкіндік аламыз. Осындай әлеуметтік дүкеннің ашылғанына шынында да қуаныштымыз. Бұл да университетіміздің студенттердің бірінші орынға білімді қоюға жасап отырған ықпалы деп білемін. Енді біз ең қажетті азық-түліктерді арзан бағамен қайдан аламыз деп бас қатырмаймыз, қалашықтан ашылған әлеуметтік дүкеннің қызметіне жүгінеміз. Айтқандай, бұл жерге тек студенттер ғана емес, зейнеткерлер, көп балалы отбасының мүшелері, жақын маңда тұратын тұрғындар да келіп дүкеннің тұтынушылары болуына болады» - деп атап өтті 3-курс студенті Мәди Ахметов.

Сонымен қатар, «Керемет» СҚКО-да қалашық тұрғындарына арналған әр түрлі тағам түрі көрсетілген мәзірі бар студенттік кафе пайдаланылуға берілді. Кафеде әр жұма сайын аз қамтылған отбасынан шыққан студенттерге тегін ас беріледі. Орталықтан ашылған кітап дүкенінен кез келген тұтынушы әр түрлі баспа өнімдерімен танысып, «Қазақ университеті» баспасында жарық көрген оқу құралдарымен және өзге де әлемдік баспадан шыққан өнімдерді сатып алуға мүмкіндігі бар.

Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева: «Біздің басты мақсатымыз студенттерге жоғары стандарттарға сай сапалы қызмет көрсету және «қайырымды қоғамның тұрғындары» ретінде студенттерден еліміздің болашақ азаматтарын дайындау», – деп атап өткендей бұндай орталықтың интеллектауальды орта құруда, шығармашылық және ғылыми дәрежені өсіруде әсері күшті болмақ.

Аталмыш ғимарат мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) негізінде университет өміріне белсенділік әкелуде үлгі болары сөзсіз. Өткен жылы МЖӘ негізінде жаңа кітапхана ғимараты пайдалануға берілсе, алдағы жылы жүзу бассейні іске қосылады деп күтілуде.