Жағымды көңіл-күй толқыны

20.01.2016

Көрулер: 3607

Философия және саясаттану факультеті ҚазҰУ-нің тәрбие жұмысы жөніндегі Департамент қолдауымен дәстүрлі куратор-эдвайзер қысқы мектебі аясында тренингтер өткізді.

Тренинг барысында ҚазҰУ-дың куратор-эдвайзерлері "Куратор-эдвайзер жұмысындағы тұлғаны дамыту технологиялары" тақырыбы аясында қазіргі таңда тұлғаны дамыту технологияларында кеңінен қолданылатын арт-терапия технологиясының теориясы және оны практикада қолдану жайында ақпараттармен танысты. Арт-терапия өнер шығармашылығы негізінде емдеу дегенді білдіреді. Практикалық психологияда арт-терапия алғашында сурет сызу арқылы емдеу тұрғысында қарастырылса, қазіргі таңда арт-терапия технологияларына төмендегілерді жатқызуға болады: драматерапия; сурет-терапия; ертегітерапия;

Драматерапия драматизациялау, яғни сюжет бойынша белгілі бір рөл ойнау және соның негізінде тұлғаның өзіндік өмірлік іс-әрекеттерін бағалауға, сынауға, түзетуге мүмкіндік беретін арт-терапияның бір түрі. Драматерапия техникасы психодрамада, транзакті анализде және бірнеше басқа да бағыттарда пайдаланылады.

Сурет-терапиясы - тұлғаның сурет сызу, бейнені бейнелеу арқылы өз ойын білдіруге, өзін-өзі тануы мен өзін-өзі дамыту жолын айқындауға бағытталған психотерапевтік әдіс.

Ертегітерапиясы- тұлғаның әлеуметтік нормаларға сәйкес іс-әрекеттерін тузету және мінез-құлқының жағымды қасиеттерін дамытуға бағытталған арт-терапияның түрі.

Оқытушылар арт-терапия технологияларын қолдану барысында жағымды көңіл-күйге бөленіп, куратор-эдвайзер қызметіне қажетті білім, білік, дағдыларын жоғарылатып, кәсіби құзіреттіліктерін арттырды.