ҚазҰУ-да студенттік тәртіп сақтау жасағының алғашқы отырысы болды

26.11.2009

Көрулер: 4183

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қаласының студенттік тәртіп сақтау жасақтарының бірінші қалалық слеті өтті. Слеттің ашылуына Алматы қаласы жоғары оқу орындары мен колледждерінің өкілдері, аудандық Ішкі істер басқармасының жетекшілері, учаскелік полиция инспекторлары, аудандық әкімшілік өкілдері, сондай-ақ "Нұр Отан" ХДП қалалық және аудандық филиалдарының басшылары, полицияға көмек көрсететін студенттік жасақтардың жетекшілері, БАҚ және полицияның қоғамдық көмекшілері қатысты. Күн тәртібінде студенттік тәртіп сақтау жасағының полиция қызметкерлеріне көмектесу болды.

Отырысты тілдерді дамыту және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева ашып, аталмыш шараның жалпы қоғам үшін маңыздылығын айтты. «Қазіргі дағдарыста ЖОО ішінде студенттік тәртіп сақтау жасақтарының жұмысы өзекті болып келеді. Сондай-ақ, бұл жасақтар құқықтық тәрбиелеудің бірден-бір құралы. Неге десеңіз, осы жасақтың өкілдері құқықтық мәдениеттің насихаттаушылары да, негізгі құраушы бөлігі», - дейді өз сөзінде Ш. Жаманбалаева.

ІІМ ҚҚБ бастығы Нұрлан Алмасбековтың айтуынша, биылғы жылы ЖОО-ның 35 студенті қылмысты істер үшін жауапқа тартылды. Қалай дегенмен әр қылмыстың астында бір жастың өмірі бар. Сондай-ақ студенттік жасақтың атсалысуымен 39 құқық бұзушылықтың алды алынды. Бүгінгі таңда Алматының ЖОО-да студенттерден құралған арнайы жасақтар бой көтеріп келеді. Алматы қаласының Ішкі істер департаменті қаланың 20 ЖОО-мен арнайы меморандумға қол қойған. Осы қызметте атсалысқан топтың құрамында университет басшылығы, студенттік және қоғамдық ұйымдар, қалалық ішкі істер органдары болды.

Алғашқы студенттік тәртіп сақтау жасағы осыдан бірнеше жыл бұрын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұйымдастырылды. Бүгінде ЖОО-ның 50 студенті ҚазҰУ қалашығы аймағындағы тәртіпті толық қадағалап отырады. «Өздерің білетіндей ҚазҰУ қалашығы кең байтақ территорияны алып жатыр. Оның құрамында 13 студенттер үйі бар. Университет жасағы өз жұмысын білікті орындап келеді. Биыл ҚазҰУ маңында бірде-бір қылмысты іс байқалмады. «Жастар» - қала бойынша үлгі тұрарлық жасақ», - деп қайырды полиция полковнигі Н. Алмасбеков.

Слет 2009 жылы құқық бұзұшылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтауға белсене қатысқан тұлғалар мен үздік студенттік жасақтарды Алматы қаласы Ішкі Істер Департаментінің грамоталары және сыйлықтарымен марапаттады. Соның ішінде ҚазҰАУ, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазМУ, М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы мен заң колледжінің студенттік жасақтары бар.

Алматы қаласында полиция қызметкерлеріне тәртіп сақтауға көмектескені үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Жастар» жасағы үздік деп саналды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі