ҚазҰУ-да Жапонияның Қазақстандағы елшісі Сигэо Нацуи қонақтады

10.11.2009

Көрулер: 3382

28 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстандағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті елшісі Сигэо Нацуи қонақтады.

ҚазҰУ ректоры, академик Бақытжан Жұмағұлов өз сөзінде екі ел қарым-қатынасының оң бағытта дами беретініне, білім саласында әріптестіктің бұдан да жоғары деңгейге көтерілетініне сенім білдіре отырып, университеттің Болон үдерісіне қосылу үшін жеткен жетістіктерін тілге тиек етті.

«Жапон елінің жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Мәселен, ҚазҰУ келесі жапон ЖОО-мен ара жігін үзбей келеді: Токионың агромәдениеті және технология университеті, Токионың технологиялық институты мен Осака Халықаралық қатынастар университеті, және т.б. 2008-2009 жылғы оқу жылында ҚазҰУ-дың 11 студенті мен екі қызметкері халықаралық конференцияларға қатысуға, білімін жетілдіруге, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге жіберілген», - деді Б. Жұмағұлов.

Ректор атап өткендей, 2009 жыл Қазақ ұлттық университеті үшін биресми түрде «жапондық кезең» болды. Биыл жапон мемлекеттік және білім беру мекемелері басшыларының өкілдерімен бірқатар кездесулер болып, Қазақстан және Жапон университеттері арасында алғашқы меморандумға, сондай-ақ, ядролық энергия саласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы және Ядролық энергетика Жапония агенттігі арасында ынтымақтастық жөнінде үшжақты меморандумға қол қойылды.

Жапон елшісі өз кезегінде ҚазҰУ-ды 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, алдағы уақытта Қазақстан мен Жапония ЖОО-ның орнаған қарым-қатынастарын одан әрі нығайтуға ат салысатындығын айтты.

Б. Жұмағұлов жапон елшісіне университеттің мерейтойлық естелік медалін сыйлады. «Қарым-қатынас орнатуда ЖОО-ның есіктері әрдайым ашық», - деді кездесу барысында ректор мырза.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі