«ҚазҰУ-дың вакансия жәрмеңкесі – 2009»

29.04.2009

Көрулер: 3476

24 сәуірде Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында ҚазҰУ-дың Вакансиялар жәрмеңкесі өтті. Жақсы қызмет тауып, болашақ жұмыс берушілермен танысып, өздері туралы мағлұмат тастаймын деушілер көп болды. Студенттерді уақытша және тұрақты жұмысқа белсенді түрде тартып, қызметпен қамтамасыз ететін отандық және халықаралық 44 компания қатысқан аталмыш шара ҚазҰУ қабырғасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алматы қаласының ЖОО-дан жұмыс іздеп келген студенттер саны екі мыңнан асты. Жәрмеңкеде қатысушылардың қызмет бабының ұсыныстарымен танысып, компаниялардың PR-менеджерлерімен әңгімелесуге және резюмелерін қалдырып кетуге мүмкіндіктері болды. ҚазҰУ-мен екеуара келісімшартқа отырған компаниялар студенттердің өндірістік тәжірибеден өтетін базаларын құрып, болашақта жас мамандарды жұмыспен қамтамасыз ететіндіктерін мәлімдеді.

ҚазҰУ-да қазіргі таңда «ҚазЦинк», «ҚазМұнайГаз», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.», «ҚазАтомПром», «Аджип» және т.б. ірі АҚ-тың тікелей тапсырыстары бойынша жас мамандар дайындалып жатыр. Биылғы жылы «Алматы қаласының Аймақтық қаржы орталығы» АҚ және «Кар-Тел» АҚ, «KPMG» АҚ және «ҚазМұнайГаз» АҚ ұйымдастырған кейстік жобаға ҚазҰУ-дың 50-ден астам студенті қатысты.

Мансап секторы университет сайтында (www.kaznu.kz) толық мәлімет жинақталған арнайы веб-бетті ашып қойған. Сол бойынша студенттер ағымдағы вакансиялар, әріптес компаниялар жөніндегі мәліметпен танысып, кейіннен жұмыс берушілерге ұсынылатын он-лайн режимінде резюме толтыра алады.

Бүгінгі таңда Мансап секторы Қазақстан экономикасындағы 200-ден астам беделді компанияларымен бірлесе жұмыс істейді. Олардың ішінде «GSM Қазақстан» ЖШС, «Microsoft Kazakhstan» АҚ, «ҚазАтомпром» АҚ, «Қазақмыс» АҚ, «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, мемлекеттік құрылымдар мен ғылыми-зерттеу институттары бар.

ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінің 4 курс студенті Айжан Қуанышбекова болашақ жұмыс орнын таңдау үшін жәрмеңкеге келген еді.

- Түлектерінің қамын ойлап, болашақ тағдырына бей-жай қарамай, атсалысып, осындай жәрмеңкені ұйымдастырып отырған ҚазҰУ-ға алғысымды айтамын. Айналып келгенде, түлектерінің қызмет табуы университет беретін білімнің жоғары деңгейін көрсетеді. Бүгін бірнеше компанияларға резюмемді қалдырып кеттім, жақында хабар беретіндігіне сенімдімін. Сонымен қатар жәрмеңкеде кәсіби біліктілікті дамыту, сұхбаттасудан сәтті өту, кәсіби мақсатқа жету құпиялары жөнінде арнайы ұйымдастырылған шеберлік дәрістері мен семинарларға қатыстым, - дейді Айжан.

- Қазір жұмыс табу қиынға соғады. Түлек ретінде осындай жәрмеңкелердің ұйымдастырылуы мен үшін өте маңызды. Мұнда кез-келген маман қызмет еткісі келетін жетекші компаниялардың өкілдері қатысты. Ұйымдастырушыларға діттеген мақсаттарына жетуін, ал Жәрмеңкенің жаңа қызметтер және жұмыс берушілермен толығуын тілеймін, - дейді халықаралық факультеттің 4 курс студенті Сәруәр Құрманаева.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, кәсіби шеберлікке жетудің бірден-бір жолы - резюмені дұрыс жаза білу және өзін-өзі тиімді таныстыру. Сондықтан жәрмеңкеде мемлекеттің антидағдарыстық бағдарламасы аясында ЖОО түлектерін жұмыспен қамтамасыздандыру және әлеуметтік-саяси құқықтарын қорғау жөніндегі құқықтық семинар мен кәсіби біліктілікті шыңдау жолдарына арналған шеберлік дәрістер өтті. «Бүгінгі қазақстандық еңбек нарығының жағдайы және даму жолдары» атты маркетингтік семинар да көп тыңдарманды жинады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі