«Жаһандану жағдайындағы трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және жемқорлықпен күресу проблемалары» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция

27.04.2009

Көрулер: 3836

11 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 75 жылдық мерейтойға арналған «Жаһандану жағдайындағы трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және жемқорлықпен күресу проблемалары» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркменстанның заң ғылымдары саласындағы жетекші мамандары, көрнекті ғалымдар мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Олардың ішінде - ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов, ҚР президенті әкімшілігі жанындағы құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев, РФ Конституциялық соты төрағасының кеңесшісі Владимир Овчинский, РФ еңбек сіңірген қайраткері Виталий Квашис, Алтай экономика және құқық академиясы қылмыстық құқық және криминология кафедрасының меңгерушісі Равиль Абызов, Орта-азиялық аймақтық ақпараттық-координация орталығының өкілдері және т.б. бар.

ҚазҰУ ректоры академик Бақытжан Жұмағұлов өзінің алғысөзінде қазіргі уақытта «әлеуметтік және экономикалық үдерістердің жаһандануы трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың да жаһандануына әкеп соғатынын» ескертіп, бұл өзекті мәселенің халықаралық деңгейде талқылану қажеттігіне нұсқау жасады. Оның айтуынша, ұйымдасқан қылмыс кіріс әкелетін тарлық нәрседен жиренбей, есірткі, қару-жарақ, ядролық және радиактивті материалдар, адам мүшелері, мәдени құндылықтар, автокөлік және т.б. заңсыз айналымға тартуда.

Конференцияда терроризм мен діни экстремизм, әйелдер мен балаларды шет мемлекеттерге заңсыз тасымалдау (адамдарды құлдықта ұстау), заңсыз көшіп-қону мәселелері, есірткі және психотропты заттарды, қару-жарақ пен әскери техниканы, көлік құралдары мен радиоактивті заттарды, ядролық материалдарды заңсыз тасымалдау, сонымен қатар адам мүшелерін сату, сыбайлас жемқорлық, жалған ақша жасау, компьютерлік алаяқтықпен күресу және т.б. мәселелер қарастырылды.

Конференцияға қатысқандардың пікірінше, мұндай жағдайлардың алдын алудағы ортақ мақсат мемлекеттерді біріктіруге итермелейді. Бүгінде әлемдік қоғамдастық халықаралық құқықты дамыту мен ұлттық құқықтық жүйенің жақындасу қажеттілігін мойындауға дайын. Бұл үрдістердің салдарынан халықаралық қылмыстық саясатты концептуалдық дамытудың ғылыми мәнін түсіну қажеттілігі туындап отыр.

Конференцияға қатысушылар трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және жемқорлықпен күресудің құқықтық, криминологиялық, ұйымдастыру-техникалық, жедел-іздестіру, ақпаратты-сараптамалық және әдістемелік мәселелері төңірегінде пікір алмасты. Конференция соңында Қазақстан мен шетел мемлекеттерінің осы саладағы заңнамасы мен құқықты қолдану тәжірибесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтылды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі