Қазақстанда поляк университеттерінің күндері өтті

27.04.2009

Көрулер: 3935

5-8 сәуір аралығында Алматы және Астана қалаларында «Еуропаға жол» атты мемлекеттік бағдарлама аясында Польшадағы Қазақстан Елшілігі мен «Perspektywy» Білім беру қорының ұйымдастыруымен «Поляк университетінің күндері» өтті. Алматыдағы «Поляк университетінің күндері» еліміздің жетекші жоғары оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтті.

Екі мемлекет тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл шараға Польшаның астанасы - Варшава билігі мен 10 ірі университет өкілдерінен тұратын делегация келді. Делегацияның құрамында Варшава политехникалық университетінің ректоры Владимир Курник, Варшава қаласы әкімінің орынбасары Владимир Пашиньски, «Perspektywy» Білім беру қорының Президенті Вальдемар Сивиньски, Қазақстандағы Польша Республикасының атқарушы елшісі Томаш Вельгонас пен Варшава университеттерінің бірін тәмамдаған ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Марғұлан Баймұхан бар.

Екі ел университеттерінің қарым-қатынасы 1998 жылы жолға қойылды. Осы күнге дейін ғылым және білім саласына қатысты 6 меморандум мен келісім-шартқа қол қойылған. 2008 жылы ҚазҰУ-дың 9 оқытушысы Польшада өткен халықаралық конференцияларға қатысты. PhD философия докторларын дайындау бағдарламасы шеңберінде Польшаның жетекші ғалымдары дәрістерін оқыған болатын.

- «Қазақстанда поляк университеттері күндерінің» ұйымдастырылуы Польша академиялық қоғамдастығының Қазақстан ғалымдарымен бірлесе отырып көптеген қызықты ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік бар екендігіне сенімді болғандықтан туындаған шара, - деді өз сөзінде Польша делегациясының басшысы, Варшава политехникалық университетінің ректоры профессор Владимир Курник. - Сондықтан поляк университеттері Қазақстанның жоғарғы оқу орындарымен тығыз қарам-қатынас орнатуға мүдделі.

Польшаның ЖОО халықаралық аренада танымал әрі беделді. Ондағы білім беру жүйесі Еуропа Одағында үздіктердің бірі деп танылған. Оның ең көнесі - құрылғанына 650 жыл толған Краковтегі Ягеллон университеті. Қазіргі таңда Польшаның 400-ден астам ЖОО-да (мемлекеттік және жекеменшік) 2 млн. студент білім алып жатыр. Халықаралық аренада Польшаның техникалық университеттері әсіресе жоғары беделге ие. Соның алғашқы сабында Варшаваның политехникалық университеті тұр. Жыл сайын поляк университеттерінде білім алуға шетелдік студенттер көптеп келеді. Олар өздерінің қалауынша оқуды поляк не ағылшын тілдерінде таңдайды. Польша өкілдерінің айтуынша, қазақстандық студенттер шетел тілдерін меңгеруге икемді және дарынды, поляк тілін салыстырмалы түрде тез әрі жеңіл үйренеді.

Краковтегі Ст. Сташиц атындағы ғылыми-техникалық университет ректорының Қазақстанмен байланыс жөніндегі Өкілетті өкілі Станислав Лучински ҚазҰУ-ды туған қарашаңырақ деп атады. Ол 1981 жылы ҚазҰУ-ды сұйық газдың механикасы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғаған екен. Сонымен қатар С. Лучински Ст. Сташиц университеті механика-математика факультетімен тығыз қарым-қатынаста екендігін мәлімдеді. Ол осы факультеттің ЮНЕСКО бағдарламасы бойынша тәжірибеден өткен екі докторантын сертификаттармен марапаттады. «Біз «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алғысы келетін студенттер санын көбейткіміз келеді. Сонымен қатар қазақстандық мекемелерде біздің студенттердің тәжірибе жинақтауына ниеттіміз», - деді Польша өкілі.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі