Бізбен есірткінің болашағы жоқ!

27.04.2009

Көрулер: 3223

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттері нашақорлық мәселесіне немқұрайлы қарамай, халықтың әл-ауқаты мен денсаулығы арқылы пайда тауып жүрген адамдармен күрес жүргізуге шақырады. Есірткіні жою шарасы «Жаһандану жағдайындағы трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және жемқорлықпен күресу проблемалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында өтті. ҚазҰУ-дың заң факультеті Алматы қаласының ІІД-мен бірлесе отырып осы акцияға бастама болды.

Жалпы салмағы 200 келіге жуық бес қап марихуананы жою шарасына Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркменстаннан келген конференция қатысушылары, алматылық ЖОО оқытушылары мен студенттері куә болды.

ҚазҰУ-дың заң факультеті деканының орынбасары доцент Уәлихан Ахатовтың айтуынша, акцияның мақсаты қоғамның, бірінші кезекте жастардың жемкорлық және нашақорлық проблемаларына деген көзқарасын білдіру, салауатты өмір салтын насихаттау.

- Біз есірткісіз болашақ құрғымыз келеді! - деп ұран тастайды студенттер.

Еліміздің жетекші ұлттық университетінде мұндай шара алғаш рет өтіп жатпағандығын айта кету қажет. Ұйымдастырушылар басталған істі әрі қарай жалғастырмақ, себебі жастарды ортақ іске жұмылдырып, елімізді нашақорлық атаулыдан тазартуға болатынына сенімді!

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі