ҚазҰУ-дың 75 Студенттік көктемі

17.04.2009

Көрулер: 3617

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қарашаңырақтың мерейтойына арналған «75 Студенттік көктем» көркемөнерпаздар байқауы үлкен мерекелік гала-концертпен тәмамдалды. Барлық кезеңдерде студенттердің дәстүрлі де сүйікті байқауына айналған «Студенттік көктем» - ҚазҰУ студенттерінің де ең әсерлі, көңілді және ұмтылмас мерекелерінің бірі. Мерейтойлық жылда ҚазҰУ соңғы жылдары ұмыт қалған фестивальді қайта жаңғыртты.

«Студенттік көктем» фестивалі - университеттің барлық факультеттері мен колледж студенттері қатысатын кең ауқымды шығармашылық жоба. Фестиваль еліміздің студент-жастарының рухани және мәдени жетістіктерін көпшілікке әйгілеп, студенттер арасында дарындарды тауып, жан-жақты тұлға мәртебесін көтеру және студенттерді еліміз бен жоғары оқу орнының қоғамдық-мәдени өміріне тарту мақсаттарын көздейді.

Биылғы жылы көркемөнерпаздар байқауы ақпанның ортасынан әр сайыс түрі бойынша басталған болатын. Бір жарым ай бойы барлық факультеттердегі акт залдарында және Студенттер сарайында сайыскерлер арасында шығармашылық қызу жарыстар жүрді. Жанкүйер қауым да тыс қалған жоқ: бірі безендіруге көмектесіп жатса, басқалары көзтартарлық киімдерді жасасып, шығарылымдар мен рольдерге дайындалуға атсалысты. Сахнада 2000-нан астам сайыскерлер бақ сынады. Олардың әрқайсысы жанкүйер қауым алдында ерекшелене білді. Классикалық, халық, эстрада әндерін орындау, би билеу, авторлық сазды шығармалар, студенттік бейнесюжеттер мен фотосуреттер, пародия мен пантомима, цирк қойылымдары, қобыз, жетіген, скрипка, саксафон, аккоредон аспаптарында ойнау сынды кез-келген шығармашылық бағытта күштілер табылды.

Міне, енді сахнаға шығардағы толқу мен жолдас-жоралардың, туғандардың және залдағы жанкүйерлердің қолдауы артта қалып, фестиваль үлкен гала-концертпен тәмамдалды. Онда қорытындылар жасалып, 28 шығармашылық бағытта өзін үздік көрсеткен жүз жеңімпаз Студенттер сарайы сахнасының төрінен көрінді. Университет басшылығы қолынан жеңімпаздар диплом және құнды сыйлықтармен мараптталып, көрермендер ілтипатына бөленді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі